Бұл туралы бүгін Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алферов мәлімдеді. Соңғы 6 айда еліміздегі зауыттардан су жаңа 9 мыңға жуық автокөлік шыққан. Бұл - былтырғыдан 2,5 есеге артық көрсеткіш. Қазақстан автонарығында сатылған жеңіл көліктердің 47% отандық көліктердің еншісінде. Әсіресе, «Лада», «Киа», «Хюндай» сияқты автомобильдерге іштен де, сырттан да сұраныс артқан.
Биыл елімізде құрастырылған әр оныншы көлік экспортқа жөнелтілген. Яғни, 900-ге жуық машинаны Қытай, Ресей, Беларусь және Тәжікстанның жүргізушілері тақымдапты. Бұл ретте «Лада» көш бастап тұр. Нәтижесінде, жарты жылда елімізде 65 млрд-қа жуық теңгенің автокөлігі өндіріліп, тарихи көрсеткішті көрсеткен.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ