Әлемдегі ең үздік оқу орындарының бағдарламасына кірген кітаптар қазақ тіліне аударылды. Бүгін көпшілік назарына ұсынылған академиялық 100 оқулық сан саланы қамтиды. «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» жобасы аясында жарық көрген туынды Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық комиссияның отырысында таныстырылды. Жиында Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асқан бірқатар жұмыстар баяндалды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:Әлемнің құнды кітаптары енді қазақша сөйлейді. Гарвард, Оксфорд университеттерінің үздік оқулықтары мінекей менің қолымда тұр. Бұл еңбек енді сіздерге де қолжетімді. Өйткені әрқайсысы 10 мың данадан басып шығарылды. Әрі электронды нұсқасы да бар.
2017 жылы басталған аударма жұмыстарына 300ден астам маман жұмылды. Жүз кітаптың бірнешеуін ағылшын тілінен аударуға үлес қосқан автордың бірі – Әділбек Жапақ. Болашақ бағдарламасының түлегі. Ұлыбританияда білім алған. Өзі оқыған, көз көрген туындыларын қазақ тіліне тәржімалауға қуана қуана келісіпті.
Әділбек Жапақ, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің басқарушы директоры, аудармашы:Сол жаңағы оқулықты өзім оқып келдім. Сол университетте бір сөреде сала бойынша кітаптар толып тұратын. Сол кезде армандайтынбыз. Шіркін осы кітаптар қазақша сөйлесе деп. Ішіміздегі сол арзу арманға орайласқан жоба болды.
Бұл «Болашақ» бағдарламасының жалғасы іспетті дейді мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев. Бұған дейін шетте оқыған 20 мыңдай студент осы еңбектермен білім алса, енді елдегі жарты млн студент те түрлі бағытта танымын кеңейтеді. Осы орайда тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз екенін айта кеткен жөн. Өйткені бұл бастамалар Елбасы ұсынған «Рухани Жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының жемісі. Осылай деген Мемлекеттік хатшы жиында туындылар барлық тарапқа қолжетімді болуы тиіс, әрі оқу орындары құнды кітаптарды тиімді пайдаланып, игілігіне жаратуы қажет екенін ерекше атап өтті. Әрі ұлттық комиссия тарапынан бірқатар тапсырма жүктеді.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:Балалар және жасөспірімдер әдебиеті гуманитарлық және әдебиет басқа да өзекті аударма бағыттарын қамтитын тұрақты жұмыс жоспары жасалсын. Қазақ ағылшын ағылшын қазақ сөздігі барлық оқу орнына жеткізілсін. 100 оқулықтың элеткронды нұсқасы латын ғарпында жариялануы қажет. Сонымен бірге қазақ әдебиетінің классикалық туындылары кітап.кз және «Ашық» кітапханасы негізінде латын графикасына көшірілсін.
Қазақстан тарихында бұрын соңды болмаған көлемді әрі күрделі ғылыми аударма гуманитарлық салаға серпін берді, мазмұнын жаңартты. Еселі еңбектің нәтижесінде қазақ тілінде әлі дами қоймаған экономикс, микро және макроэкономика, қаржылық сауаттылық, антропология, интернет психологиясы сияқты жаңа бағыттар қамтылды. Тағы бір қуантарлығы, 60-қа жуық қазақ ақын жазушысының еңбегі қазір 90 елдің кітапханасында тұр. Мамандар олардың ең таңдаулы шығармаларын 6 тілге аударды. Ұлы ақын Абайдың туындылары әлемнің 10 тіліне аударылып, таратылды. Сөз соңында мемлекеттік хатшы Ұлттық аударма бюросына ризашылығын білдірді. Әрі ғылым мен білімді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған шаралар мұнымен тоқтамайтынын атап өтті. Алдағы уақытта әсіресе балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, гуманитарлық және техникалық оқулықтар аударуы жұмыстарына басымдық берілмек.
Раушан Сайлауқызы