Алматы облысы орталығының Талдықорған қаласына көшірілгеніне 20 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы орталығының Талдықорған қаласына көшірілгеніне 20 жыл толды

22.09.2021

Бүгін Алматы облысы орталығының Талдықорған қаласына көшірілгеніне 20 жыл. 2001 жылы дәл осы күні облыс әкімінің аппараты және басқа да құрылымдар Алматыдан Талдықорғанға ауысты. Бүгінде Жетісудың бас қаласы бірнеше шағын аудан, жаңа ғимараттар бой көтеріп, экономикалық-әлеуметтік жағынан көш ілгері дамып келе жатқан қалалар қатарына қосылды.

2001 жылы Талдықорған тұрғындарының саны 90 мыңның төңірегінде болатын. 20 жылда 200 мыңға жуықтады. Облыс орталығында жыл сайын көпқабатты үйлер бой көтеріп, жүздеген отбасы баспаналы болуда. Қала күніне орай Шаңырақ бағдарламасымен тағы 55 пәтердің кілті табысталды.

Анархан Омарова, қала тұрғыны:
Бұрын балалар көшіп-қонып әр жерде пәтер жалдап еңбек етті. Сол еңбегін бағалап Үкімет үй беріп отыр. Енді қысылмайды, қымтырылмайды. Келген қонағын күтіп алады.

Қала күнінде Жетісу әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Талдықорғанға 55 қоғамдық көлік сатып алынды. Бұл автобустардың басты ерекшеліктері - көгілдір отынмен жүреді, мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы.

Жетісудың бас қаласының даму жоспары да ауқымды. Қалада тағы бірнеше ықшам аудан бой көтермек. Әлеуметтік нысандар салынады. Қомақты инвестиция тартылады. Облыс орталығының туристік әлеуеті де зор болмақ.

Облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар Талдықорған қаласының құрметті азаматы атанды. Олардың қатарында журналист те, дәрігер де, құрылысшы мен өнерпаз да бар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу