Президент жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

22.09.2021

Гольф клубы, тақырыптық парк, виллалар. Каспий теңізінің жағалауында заманауи демалыс орталығы бой көтеріп жатыр. Бұл Ақтау қаласының туристік әлеуетін жаңа белеске көтермек. Президент Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі жаңа нысандардың жұмысымен танысты. Сондай ақ аймақтың әлеуметтік- экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Президент мұнан бөлек еңбек дауы, жем-шөп әзірлеу, ауыз сумен қамту секілді өзекті мәселелер бойынша жауаптыларға тапсырма жүктеді.

Бұл сапардың жөні бөлек. Мемлекет басшысы таяуда ғана өзі тағайындаған әкімнің жұмысын бағамдап, қуатты өңірдегі атқарылып жатқан шаруалармен таныспақ. Нұрлан Ноғаевтің Маңғыстау әкімі болып тағайындалғанына небәрі екі апта ғана болды. Аймақ басшысы президентке өңірдегі өзекті мәселелерді тізбектеп, алдағы жұмыс жоспарын таныстырды. Биыл өңір шаруаларын құрғақшылық әбігерге салды. Басқа аймақтардан 47 мың тонна шөп тасымалданды. Қыс азығын жаз дайында дегендей келер жылға қазірден қамдану маңызды.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
Қазіргі жағдайды ескере отырып, «Қазақ мал азығын өндіру және жайылым ғылыми-зерттеу институты» ғылыми қызметкерлерін тартып, геоботаникалық және гидрогеологиялық зерттеу арқылы жайылымдық жерлердің құнарлығы мен ылғалдылығын анықтау үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда (50,0 млн теңге). Бұл алдағы кезеңге перспективалық шаралар болып табылады.

Мемлекет басшысы құдық қазуға бөлінетін субсидияны көбейту керектігін айтты. Себебі соңғы жеті жылда облыста 400 ге жуық құдық қазылып, 1 млн гектар жер суарылған. Көмек қаржы көбейсе бұл жұмысты жеделдетуге болады. Сондай ақ қуаңшылық жағдайында қағазбастылыққа жол берген шенеуніктерді сынға алды.

Қасым–Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет ахуалды тұрақтандыру үшін резервтен тиісті қаражат бөлді. Алайда бұл қаржы қиналған шаруаларға мезгілінде жеткен жоқ. Жергілікті әкімдік пен құзырлы министрлік қайта-қайта қағазын түгендеп, құжатын реттеп отырғанда уақыт өтіп кетті. Бұдан тағы да қарапайым халық жапа шекті. Көмек дер кезінде жетпесе, одан кейін қанша миллиард бөлінсе де қайыр жоқ. Мұны орталық та, жергілікті билік те жете түсінуге тиіс. Шұғыл қажет болғанда бюрократияны ысырып тастау керек. Жем-шөп қорын арттыру үшін Үкімет тезірек жүйелі шара қабылдағаны жөн.

Маңғыстау еліміздің қазынасын толтырып отырған донор аймақтардың бірі. Дегенмен облыста шешуді талап ететін мәселелер аз емес. Мемлекет басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына баса мән беру керектігін айтты. Теңіздің жағасын мекен еткен өлкеде ауыз су проблемасы өзекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президені:
Әлі күнге дейін белгілі бір уақытта ғана су берілетін ауылдар бар. Осындай мұқтаждық барын біле тұра, қыруар қаржы басқа мақсатқа жұмсалып жатыр. Түрлі қымбат ғимараттар салынуда. Бұл да керек шығар, бірақ, ешқайсысы судан маңызды емес. Шын мәнінде, су дегеніміз – өмірдің нәрі. Судан тапшылық көріп отырған адамға басқа ештеңенің қажеті жоқ. Халықтың тұрмысын жақсартамыз десек, ең бастысы, сумен қамтамасыз етуіміз керек.

Аймақтағы 12 ауыл ауыз суға мұқтаж. Биыл төртеуіне таза су берілмек. Президент келер жылдың соңына дейін барлығын тіршілік нәрімен қамтуды тапсырды. Аймақтағы су мәселесін шешу үшін тұщыту зауыттарын жөндеуден өткізіп, қуаттылығын арттыру көзделіп отыр.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
Сіздің тапсырмаңызды орындау бағытында келесі шараларды жүзеге асыру жоспарлануда.  Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты биыл іске қосылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босайтын су көлемін өңірде қалдыру арқылы ауыз су көлемін ұлғайтуға мүмкіндік болады. Ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін Кешенді жоспарда жалпы су тұщыту қуаты 229 мың текше метрді құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру ұсынылып отыр. Бұл жобалардың барлығы Үкімет тарапынан толығымен қолдау тапты.

Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі еңбек дауы. Қазақстандағы осындай оқиғалардың 80 пайызы Маңғыстау жерінде болады. Басым көпшілігі мұнай-газ саласында. Тіпті кейбір жеке компаниялар жұмысшыларын ереуілге әдейі итермелейді. Осылайша мемлекеттен артық ақша алып қалуды мақсат тұтады. Президент мұндай қитұрқы әрекеттердің жолын кесіп, жұмысшылардың құқықтарып сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осындай компанияларға аудиторлық және тағы басқа тексеру жүргізу керек. Жұртты арандатып, мемлекетке қоқан-лоқы көрсетуге болмайды. Бәрі заң аясында жасалуға тиіс. Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін Ведомствоаралық штаб құру қажет. Оған мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» белсене қатысуы керек. Бұл штаб шұғыл шешім қабылдауға және халықпен тығыз қатынас орнатуға қажет.

Мұнай-газ саласы тек Маңғыстаудың ғана емес тұтас еліміздің жетекші саласы. Аймақта қара алтынның жаңа кен орындары игерілмек. Президент Хазар және Қаламқас теңіз кеніштерінде жұмыс басталатынын айтты. Жоба құны 5 млрд АҚШ доллары. Ауқымды жұмысқа жергілікті компаниялар барынша тартылуы керек. Саладағы тағы бір өзекті мәселе. Өңірде мұнай қорының жаңа көздері жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл өңірде мұнай қорының жаңа көздері жоқ. 2030 жылға қарай қазіргі кен орындары едәуір сарқылып, облыстағы мұнай өндірісі 23 пайызға кемиді. Бұл ретте, Маңғыстау шөгінді бассейні геологиялық барлау жүргізуге аса қолайлы. Жалпы, геологиялық барлауға және жаңа кен орындарын іздеуге инвесторларды белсенді түрде тарту қажет.

Маңғыстау өңірі үшін ең өзекті экологиялық проблеманың бірі Қошқар ата улы қалдықтар қоймасы. Әкімдік пен Үкімет бірлесіп жүріп бұл проблеманы 10 жыл бойы шеше алмай келеді. Мемлекет басшысы жауаптыларға 3 жыл уақыт берді. Сондай-ақ аймақтағы көгалдандыру жұмысын дұрыстап қолға алу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызу қажеттігін айттым. Өкінішке қарай, бұл тапсырма өңірде орындалмай жатыр. Жоспар бойынша 720 мың ағаш отырғызылуға тиіс болатын. Бірақ мұнда  бір тал да егілген жоқ. Нұрлан Асқарұлы, өңірді көгАлдандыру – негізгі міндеттің бірі. Бұл аймақтың ауа райының ерекшелігін түсінемін, бірақ соны сылтау қылып, қол қусырып отыруға болмайды. 

Сондай – ақ жиын барысында Алматы қаласындағы атысқа байланысты өз ойын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл білдіріп, үкімет пен әкімдікке жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Несие саясатына қатысты заңға өзгеріс енгізу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл трагедияның егжей-тегжейін анықтау қажет. Кредиторлар мен қарыз алушылар арасындағы әсіресе тұрғын үйге қатысы бар қарым-қатынас заңдық тұрғыда жетілдіруді талап етеді. Нақты айтқанда банктердің кепілге алу саясаты, бағалау қызметін реттеу, жеке сот орындаушылардың қызметін және басқа да аспектілерді. Соттың ашық әрі біркелкі практикасын қамтамасыз ету аса маңызды. Үкімет пен Ұлттық банк, қаржылық реттеу агенттігі бір ай ішінде заңдық – нормативтік түзетулерді әзірлеуі тиіс. Үкімет пен Алматы әкімдігіне зардап шеккендердің барлығына, ең бірінші кезекте балаларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырамын.

Мемлекет басшысы сапар барысында Ақтаудағы жаңадан ашылған Халық арена спорт сарайының жұмысымен танысты. Маңғыстау даңқты спортшылардың мекені. Бұқара халық та спортты жанына серік еткен. Тұрғындардың үштен бірі тұрақты түрде дене шынықтырады. Облыс құрлықтық, жахандық додаларда топ жарып, олимп шыңын бағындырған спортшыларымен мақтана алады. Қазақстанға кәсіби бокс өнерін алып келген Шоқыр Бөлтекұлы да осы өңірдің тумасы. Халықаралық талаптарға сай келетін жаңа кешен аймақ спортын жаңа белеске жетелері сөзсіз.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бұл кешен болашақ Олимпиада чемпиондарының ұстанаханасы болуға әлеуетті. Мұнда бір мезетте 2,5 мың жас өрен 19 спорт түрі бойынша жаттыға алады. Спорт сарайының аумағы да ат шаптырым. 12 залы мен алаңы бар. 

43 мың шаршы метрді алып жатқан кешен мұқым Маңғыстаудағы ең үлкені болмақ. Халықаралық додаларды өткізуге барлық мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы жас спортшылармен сұхбаттасып, өрендерді жаңа жеңістерге жігерліндірді.

Еркінбек Байтөреев, Каратэден әлем чемпионы:
Қаламызда осындай үлкен спорт кешенінің ашылып жатқанына қуаныштымыз. Осындай спорт кешендерінде жарыстарға дайындалып, жаттығу жасап өте ыңғайлы әрі нәтижелі болады деп ойлаймын.
 Әсем Таңатар, бокстан Азия жүлдегері:
Бұйырса біздің мақсатымыз Олимпиадаға қатысу, чемпион болу. Оған дейін осында тер төгіп, еңбектенеміз.

Каспидің бұйра толқындары демалушыларды өзіне алыстан шақырады. Маңғыстауда туризмді дамытуға бар мүмкіндік бар. Көрікті жерлері, тұмса табиғаты, тарихи орындары баршылық. Аймақ туризмді мықтап дамытуға мүдделі. Былтыр өңірге 200 мыңнан аса турист келген. Ендігі меже 2025 жылға қарай бұл санды 750 мыңға жеткізу.

Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін аймақта ірі жобалар қолға алынып жатыр. Биылдың өзінде 5 нысанның құрылысы аяқталмақ. Отандық және Түркиялық компаниялар 190 млрд теңге инвестиция құйған.

Былтыр Каспи жағалауында әлемдік деңгейдегі қонақ үй ашылып, өңірдің туризм саласына серпін берген еді. Биыл теңіз жағасында ойын-сауық паркі бой көтеріп, маңғыстауға демалушылардың тағы бір легін әкелді. Енді бұл аумақ тұтас туристік орталыққа айналады. Гольф клуб, алып сауда үйі, виллалардың құрылысы жүріп жатыр.

Мемлекет басшысының мұнайлы өңірге жұмыс сапары екі күнге жоспарланған. Ертең президент «Отапантау - 2021» әскери оқу-жаттығуын бақылап, әскерилермен кездеседі.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу