Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында мемлекетінің желден көп энергия өндіретіні соншалық, Борис есімін ежелгі гректің солтүстік желі құдайының құрметіне Борейге (Boreas) ауыстыруға болатынын айтқан. «Менің бала күнімде біздің ел электр энергиясының 80 процентін көмірден өндіретін еді, қазір бұл көрсеткіш 2-ақ процентті құрайды. Ал 2024 жылы мүлдем жоғалады» деген. Британияның үкімет басшысы климаттың ғаламдық өзгерісімен күрес, табиғатты сақтауға ерекше тоқталған.
Климаттың өзгеруін біздің Президент те қозғады. Осымен 76- рет ұйымдастырылып отырған сессияға Қ.Тоқаев бармаса да, Ақордадан арнайы видеоүндеу жолдады. Екі рет. Алдымен жалпы дебаттарда, сосын Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитте сөз сөйледі.
Президент еліміздің құрғақ климаттың әсерімен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Еліміздің су шаруашылығы 40 пайыз көрші елдерден ағып келетін суға тәуелді. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің АҚШ, Ресей, Қытай сияқты елдермен «С5+» форматындағы диалог аясында су тапшылығы сияқты проблемаларды қамтитын су ресурстары мәселелеріне баса мән береміз, дей келе, «Өзге мемлекеттердің түрлі мүддесіне қарамастан, Қазақстан ортақ мақсатқа қол жеткізуге бағытталған стратегияларды үйлестіру үшін бұрынғыша өңірлік су-гидроэнергетикалық консорциум құруды ұсынады», деді.
Президенттің Маңғыстау облысына жұмыс сапарында талқыланған мәселелерді жинақтап айтсақ, еңбек даулары, ауыз су тапшылығы, қуаңшылық, азық-түлік қымбаттығы, жаңа кен орындарын игеру, заңсыз балық аулау, дәрігер жетпеуі...
Айтпақшы, өткен аптада біз де қозғаған «Қошқар Ата» қалдықтар қоймасына қатысты мәселеге де тоқталды. Мемлекет басшысы проблеманы Үкімет пен облыс әкімдігіне үш жыл мерзім ішінде шешуді тапсырды. Президент сапарын Шерхан Жамбылұлы баяндайды.