Қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімінің екі ғасырлық тарихы бар. Алматыда Қазақстанның әр өңірінен жинақталған кимешектер қойылған көрме ашылды. Жәдігерлердің дені ХІХ-ХХ ғасырда тігілген. Мемлекеттік орталық музей қорындағы құнды дүниелерді әріптесім Қуан Нұрақын да көріп қайтты.
Қуан Нұрақын, тілші:Көрмеге қойылған жәдігерлердің ішінде ең көнесі мына кимешек. Қарағанды облысынан жеткізілген әйел бас киімінің 200 жылдық тарихы бар. Сәтеннен тігіліп, зер жіппен өрнектелген. Музейге 1985 жылы Сапахова есімді азамат өткізіпті.
Алды тұтас пішіліп, артқы бөлігі доғал келеді. Етегі ұзын, маңдай тұсы сары түсті үшбұрыш бейнесіндегі ою салынған. Жалпы Орта Азия бойынша кимешектің 16 түрі белгілі болса, оның 12-сі көрмеге қойылды.
Бейбітқали Қақабаев, орталық мемлекеттік музейінің ғылыми қызметкері:Рулық қатынастар, руға байланысты. Екіншіден тұрған ортасына, жеріне де байланысты. Солтүстіктің кимекшектерінің оңтүстіктен айырмашылығы бар. Жалғыз кимешек қана емес, оның төбесіне байлатын шылауыштың да келбеті таза аймақтық айырмашылықтары бар.
Кимешек көбінесе ақ матадан тігілген. Бұл - әуелден тазалықтың нышаны. Басты, кеудені, иықты және арқаны жауып тұрады. Тек адамның бет тұсы ғана ашық. Этнографтар кимешек киген әйелдер тасқа қашалған суреттерде кездесетінін айтады.
Досымбек Қатран, этнограф:Түрік ескерткіштерінде кимешек киген әйелдердің бейнесі бар. Бұл 4,5 ғасыр. Ал ислам дінінің қазақ арасына келуі 8 ғасырдан кейін деп айтапмыз. Демек оған дейін киім үлгісі бар деген сөз, қазақ үшін жаңалық емес.
Қазақ үшін кимешек ежелден рухани құндылық ретінде бағаланады. Әрі ұлтымыздың ұлық тұтқан кәделі киім екені анық.
Қуан Нұрақын