Елордада жаңа мәдени, туристік нысандар бой көтереді. Және олардың құрылыс барысы Елбасының бақылауында болады. «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институтына барған тұңғыш Президент бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асу жоспарына қанықты.
Бұл орталықтағы жоба, сызбалар көп ұзамай сәулеті дәулетіне сай құрылысқа айналады. Елорданың бас жоспары осы жерде түзіледі. Мұндағы бастамалардың арқасында қазір бас қала білім беру хабына, мәдени орталыққа, медицина кластері дамыған шаһарға айналды. Әрі маңызды көлік және транзиттік хаб ретінде әлемге танылды.
Елорда – уақыт сынынан өткен алып жоба. Мұндағы кез-келген бастама Елбасы бақылауында. Өйткені шырайлы шаһардың бас сәулеткері өзі. Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы мен ұсыныстарының арқасында батыс пен шығыс мәдениеті, дәстүрі үйлескен әсем қала бой түзеді. Шахар әкімі Алтай Көлгінов жаңа аудандарды абаттандыру мен инфрақұрылымды жаңғырту жайына тоқталды. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, маңызды міндеттерді жүзеге асыру жоспарымен таныстырды. Денсаулық сақтау, мектепке дейінгі білім беру мен спорт нысандарына басымдық берілген. 15 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Алдағы 5 жылда 67 мектеп салу жоспарланған.
Сонымен қатар, Елбасы назарына елорданың жаңа мешіті мен ЭКСПО ауданына іргелес аумақта жүргізілетін құрылыс пен абаттандыру жобалары ұсынылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:Мен үшін бұл қаланың орны бөлек. Оның даму барысын үнемі қадағалап отырамын, болашағы туралы көп ойланамын. Алғашында жаңадан қала салу жобасына ғана емес, осы маңайда қалың орман өсетініне де күмәнмен қарағандар болған. Кейбір ғалымдар бұл жерге ағаш өспейді деген еді. Алайда елорда аз уақыт ішінде айналасын «жасыл белдеу» қоршаған ірі мегаполиске айналды.
Биыл Елордада әлеуметтік бағыттағы 20 мың пәтер салынуы тиіс. Соңғы үш жылда қолжетімді баспана саны 5,5 есеге артты. Сонымен қатар, 115 көше жөнделіп жатыр.
Асима Нұрбайқызы