Чилиде мектеп жасындағы балаларға вакцина салына бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Чилиде мектеп жасындағы балаларға вакцина салына бастады

28.09.2021

АҚШ-та мыңдаған дәрігер жұмыстан шығарылады. Бұған ақ халаттылардың вакцина салдырмауы себеп. Сонымен бірге елде қосымша "Пфайзер" екпесін салдыру науқаны жүріп жатыр. Ал, Чилиде мектеп жасындағы балаларды коронавирусқа қарсы иммундау басталды. Ресей болса, пандемияның қайта күшеюімен күрес жүргізіп жатыр. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Нью-Йорк госпитальдері вакцина салдырмаған мыңдаған медициналық қызметкерді жұмыстан босатуға әзірленіп жатыр. Сондықтан, мұнда алдағы апталарда дәрігер тапшылығы сезілуі мүмкін. Ақ халаттыларға қыркүйектің 27-не дейін екпенің кемінде 1 дозасын алу міндеттелген еді. Алайда, қаладағы 450 мыңдай денсаулық сақтау маманының 16 пайызы ғана толық иммундалған. Жұмыстан кетсе, олардың орнына өзге штаттар мен Ұлттық гвардиядан дәрігерлер тартылуы мүмкін.
Айта кету керек, қазір АҚШ-та жасы 65-тен асқандарға және денсаулығына байланысты қауіп тобына енгізілгендерге Пфайзер вакцинасының үшінші дозасын салу науқаны жүріп жатыр. Соның аясында президент Джо Байден де қосымша екпе алды.
Джо Байден, АҚШ президенті:
Анығын айтайын: күшейткіш вакциналарды алу маңызды. Алайда адамдардың көбін иммундау бұдан да маңыздырақ. Америкалықтардың 77 пайызы вакцинаның кемінде бір дозасын салдырған. Ал, 23 пайызы екпенің бірде-бір компонентін алмай, өзгелерге қауіп төндіріп отыр. Бұл - вакцина алмағандардың пандемиясы.
Ал, Чилиде 6 және 11 жас аралығындағы балаларды коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны басталды. Жеткіншектерге қытайлық Синовак екпесі салынып жатыр. Жақын арада бұл елде 1,5 миллион бала толықтай иммундалмақ. Ал, 12-жастан асқандарға мамырдан бері Пфайзер егіліп жатыр.
Соледад Эрмосилла, Чили тұрғыны:
Бұл керемет жаңалық, Өйткені мына пандемия үрей, белгісіздік әкелді. Балаларымыздың вакцина алып, денсаулығын қорғауы біз үшін өте маңызды.
Ресейде өткен тәулікте коронавирустан 852 науқас қайтыс болды. Бұл - пандемия басталғалы бері ең жоғарғы көрсеткіш. Жергілікті вирусологтарының сөзінше, марқұмдардың көбі - вакцина салдырмаған егде жастағы адамдар. Жалпы, көршілес елде бір күнде 21 мың 500-ден астам адам инфекцияға шалдыққан. Олардың 90 пайызынан дельта штамы анықталып отыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу