Ақпарат және коммуникациялар туралы заң жобасына 200-ден аса өзгерту енгізу қарастырылып отыр. Бұл түзетулер бүгін Мәжілісте талқыланды.
Оның ішінде әлеуметтік желілерден алынған ақпарлар тексерілмей жарияланатыны сөз болды. Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар журналистердің таратқан деректері сенімді және нақты болуына екпін түсірді.
Қазіргі таңда заманауи қоғамда ақпарат құралдарының рөлі өте күрделі. Сол себепті заң жобасы жан-жақты талқыланып, әбден піскен кезінде шешім қабылданбақ.
Бейбіт Мамраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінгі заманда, интернеттің дамыған заманында тексерілмеген ақпараттарды жарыққа шығару оңай боп кетті. Не болмаса, бүркеншік атпен біреуді әшкерелеу де кең жол алып жатыр. Меніңше, осылардың барлығын мәдениет пен ақпараттың бір-бірімен ара қатынасы арқылы жөндеу керек сияқты. Мәдениет пен ақпарат бірге жүруі қажет.