Целиноград ауданының Жалғызқұдық ауылында 238 қаз, 40 үйрек, 10 тауық қырылып қалған. Бұл – бір үйдің құстары. Қанаттылар 23 қыркүйекте өлген. Иесінің айтуы бойынша қаздар ауыл маңындағы судан келгеннен кейін құстар қырыла бастаған. Сараптама нәтижесі құс тұмауы екенін көрсетті. Қазіргі уақытта Жалғызқұдық ауылына карантин енгізу бойынша құжаттар рәсімделіп жатыр. Құс тұмауына қарсы екпе салу жүргізілуде. Көрші ауылдардағы ахуал да бақылауға алынды. Өлген, ауырған құстар өртеледі. Шығынға батқан тұрғынға нарықтық баға бойынша өтемақы төленетінін айтады мамандар.
Ағыбай Сыздықов, Ақмола облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
Бүгінгі күні сол ауылда қазір ветеринарлық жұмыс атқарып жатыр. Күнделік бақылауда жағдай. Қосымша өлімдер құстардың тіркелген жоқ. Сол ауылда, ауылдың маңайындағы суларда, көлдерде құстардың өлім-жітімі тіркелген жоқ.
Ал, Солтүстік Қазақстанда құс тұмауы тіркелген Лебьяже ауылында үй құстары жаппай өртеліп жатыр. Елдімекенде мыңнан астам қаз-үйрек пен тауық қырылып қалған болатын. Жұқпалы ауру жабайы қанаттылардан тараған. Карантинге жабылған ауылдан құс және құс өнімдерін шығаруға тыйым салынды. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құс атаулы күн сайын тәркіленуде. Тұрғындарға өтемақы беріледі.