Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Көмір химиясы және технологиясы» институтының директоры Болат Ермағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, ғалымдар еліміздегі көмір қорының байлығын тиімді пайдалану қажет. Қазақстан бойынша 126 кен орны жұмыс істеп тұр. Жылына 100 миллион тонна көмір өндіріліп, 30 миллионы экспортқа жіберіледі. Жылдан жылға өндіріс көлемі азайып келеді. Көмір сапасының төмендігі қоршаған ортаға зиян келтіруде. «Енді бұл кеніштерге жаңа технология енгізу қажет», дейді институт басшысы. Болат Ермағамбетовтың айтуынша, көмірдің құрамындағы сутегіні 14 пайызға жеткізсе, қара отын сұйылады. Кейін одан газ алуа болады.
Болат Ермағамбетов, «Көмір химиясы және технологиясы институты» ЖШС директоры:
- Бұл жобамен айналысқаныма біраз жыл болды. Технологияның ерекшелігі - біз көмірді жағу арқылы одан газ аламыз. Осы процесс газификатор қондырғысында жүргізіледі. Яғни, көмірді газификаторда жағамыз әрі ондағы оттегінің мөлшерін бақылап, біз «жанғыш газды» аламыз. Ол көмірдің тотығынан және сутегінен тұрады. Бір мәселе – «жанғыш газдардың» қуаттылығы. Әрине, табиғи газға қарағанда көмірден алынған газдың жану қуаты аздау. Бірақ, жанғыш газдан жылу алуға, оны күнделікті тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға болады. Бұл жоба экологиялық жағынан тиімді.