Лиссабонда халықаралық веб-саммит ашылды. Жаһандағы ең ірі технологиялық конференцияға биыл бірінші рет біздің ел де қатысып жатыр. Мәртебелі жиынға қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастап барды. Сандық технологияны дамытуға арналған шарада еліміздің басты байланыс операторы «Қазақтелеком» жеке стендін көпшілікке таныстырды.
Робот Софияның сөйлеген сөзі «мірдің оғындай». Дауысы, бет қимылы да адамнан айнымайды. Америкалықтар құрастырған қызға таңдана бергенде өзгелер де жасанды интеллектті дамытудағы соңғы жетістіктерін жұртқа жайып салды. Жүргізушісіз жүретін көліктер, тағамды өзі дайындайтын машиналар, ақылды әмиян. Шараға әлемнің 170 елінен 60 мың адам қатысып жатыр. Қазақстандық делегацияны бастап келген Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев көпшілікке «Цифрлық Қазақстан» жобасын таныстырып, елдің сандық экономикаға көшуге бет бұрғанын мәлімдеді. Нақты жоспарды жүзеге асыру үшін әлемдік тәжірибені игеру көптік етпейді.
Қайрат Балықбаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары:
- Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен келесі жылы біз «ЭКСПО» павиольондарының бірінде Астана IT-стартаптар хабын құруды көздеп отырмыз. Қазір соған дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Саммитке қатысудағы мақсатымыз - осындай ауқымды шараларды өткізу барысымен танысу. Сондай-ақ, креативті, инновациялық жобалары бар жастарды елге тартып, хабтың жұмысына белсене қатысуға шақыру.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын сапалы іске асыру - «Қазақтелеком» компаниясының да басты мақсаты. Google, Microsoft сынды алыптардан қалыспай, ұлттық байланыс операторы да саммитте өз стендін ашты.
Батыр Маханбетәжиев, «Қазақтелеком» АҚ Стратегия жөніндегі бас директоры:
- «Қазақтелекомға» қазір нарықтағы сұранысты жақсы түсінетін, білетін жоба әзірлеушілер ауадай қажет. Себебі, біз интернет қызмет, жаңа жүйелер, финтек қосымшалары, электронды коммерция бағыттарында көп жұмыс істеп жатырмыз. Дегенмен, компанияның креативтілігін арттыру үшін тың идеялар керек.
Дарын Тұяқов, «Қазақтелеком» АҚ аппарат басшысы - бас директоры:
- Адамдар осы жерге өздерінің ойларымен келеді. Сол ойларын біз тыңдаймыз да тіркейміз. Содан кейін бәрін жинап, олармен әрі қарай байланысып, жұмыс істейміз.
Веб саммит-стартап иесі мен сол жобаны қаржыландырушы және қолданысқа енгізетін компания үшін таптырмас мүмкіндік алаңы. Мұнда тың идеяға талас көп. Шетелдік ІТ саласының алғырлары қазақ компаниясында жұмыс істеуге құлшынып отыр.
Андрей Хомутов, испаниялық стартапер:
- Өтіп бара жатып, «Қазақтелеком» павильонын көріп қалып, қатты таңқалдым. Мұндай шараға Қазақстаннан келіп қатысудың өзі үлкен жетістік. Стендеттеріңіз соңғы технологиямен жабдықталған. Қатты ұнады. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес туралы жобамды таныстырдым. Ұнатып жатса, қазақстандық компаниямен серіктестік орнатуға дайынбыз.
Қазақстандық компаниямен, қазақ елімен іскерлік қатынас орнатқысы келетіндер көп. Оны тараптар екіжақты кездесулер барысында жасырмай айтты. Цифрлы технологияны дамытуға бел шеше кіріскен Қазақстанды әлемдік қауымдастық өкілдері келесі жылы тағы да Лиссабонда өтетін саммитке арнайы шақырды.
Нұрсұлу ҚАСЫМ