Президент Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

03.10.2021

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Әрине, Ресей президенті де. Бұл дәстүрлі форум, 17-ші рет өтті. Биыл онлайн форматта ұйымдастырылды. Стратегиялық әріптестіктің дәлелі деп көп цифрлар келтірілді.

Мысалы: Қазақстанда 7500-ден астам ресейлік және 3500-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді екен. Тауар айналымы 19 миллиард доллардан көп. Ресейден тартылған тікелей инвестицияның көлемі соңғы 15 жылда 16 миллиард доллардан асыпты, ал Ресейге салынған қазақстандық инвестицияның көлемі 4,5 миллиард долларға жуықтаған.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев бірнеше өзекті мәселеге тоқталды. Оның ішінде екі елдің шекарасы арқылы өтетін жүк тасымалдаушылардың проблемасы бар.

Қазақстан мен Ресей шекарасында 30 автокөлік бекеті бар. Оның тек бесеуі ғана бақылау-тексеру кешендерімен жабдықталған... Ресейдің Шекара қызметі «технологиялық өту» сияқты жаңа талаптар енгізді. Сол тексеру аймағында жүргізушілерді жүктерін түсіруге мәжбүрлейді. Бұл көбінесе тауарлардың бұзылуына әкеп соқтырады. Осыдан кейін тасымалдаушылар көлігінің 2/3 бөлігіне ғана жүк тиеуге мәжбүр. Нәтижесінде көліктердің шығыны артып, тауар бағасы өседі – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр. Қазақстандық мамандарды да осы салаға баулуға әзір». Ресей президенті Владимир Путиннің осылай дегенін де айта кетейік...

Бұл жиында жануарлар дүниесіне де көп тоқталды. Итбалық, киік, жолбарыс. Шерхан Жамбылұлының материалы.


Хабарламаларға жазылу