Әлем экологиялық апаттың алдында тұр. Сондықтан барлық мемлекет қазірден бастап бірлесе нақты іс-қимылға көшпесе, ахуал ушығуы мүмкін. Өңірлік ынтымақтастық және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытында Түркістанда өткен I Орталық Азия форумында осындай пікірлер айтылды. Климаттың өзгеруі, жаһандық жылымық, құрғақшылық, су тасқыны, ауаға зиянды қалдықтар мен көмірқышқыл газының шамадан тыс таралуы сияқты сын-қатерлер жан-жақты талқыланған форумға Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан Парламенттерінің депутаттары, Германия елшілігі, халықаралық ұйымдар, бизнес және экологиялық қауымдастық өкілдері қатысты. Жиында алғаш болып сөз алған Экологиялық ұйымдар қауымдастығы төрайымы Қазақстанның көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуге ниетті екенін айтты. Осы орайда форумға қатысушыларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Әлия Назарбаева, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрайымы
9 тамызда БҰҰ климаттық тобы адамзатты ойлануға шақыратын есеп ұсынды. Онда 10 жылдан кейін ауа температурасының көтеріліп, жерді құрғақшылық жайлайтыны, жауын-шашынның біркелі болмай, су тасқыны, өрт сынды қауіп-қатерлердің көп болуы мүмкін екені айтылды. Бұл Орталық Азия аймағына жататын елдерге де тікелей қатысты. Сондықтан барлық елдердің алдында көмірсутегі энергиясы мен қазба отынды азайтып, жасыл экономика көшуді тездетіп іске асыру міндеті тұр.
Досжан Маратұлы