Оралда нан қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда нан қымбаттады

04.10.2021

Оралда нан бағасы 10 теңгеге өсті. Ұн да қымбаттады. Кейбір шаруалар тіпті шикізат тапшы дейді. Мәселе жуық арада шешілмесе бір екі айдың көлемінде наубайханалар жабылып қалады деп алаңдайды кәсіп иелері. Ардақ Мұратқызы тарқатады.
Бұрын жоғарғы сұрыпты бір бөлке нан 140 теңге болса, қазір 150 теңге тұрады. Сәйкесінше, ұн да 100 теңгеге қымбаттады. Бес келі ұнның бағасы сөреде 1200 теңге.
Әлия Кенеева, қала тұрғыны:
Баға күнде өсіп жатыр. Қуып жете алмайсың. Нан дастархандағы ең басты ас қой. 
Нанның қымбаттауын наубайханашылар ұн бағасының өсуімен түсіндіреді. Қаладағы 7 наубайхананың жартысынан көбі бағаны көтерген. Әйтпесе, шығынға батып, жалақы төлей алмайтындарын айтады.
Олег Талецкий, наубайхана иесі:
Жаздан бері жоғары сұрыпты ұн бағасы 145-тен 187 теңгеге өсті. «Белесте» баға сондай. Желаевта мүлдем ұн жоқ. Қор таусылды. Амал жоқ, жоғары сұрыпты нан бағасын біз де көтереміз.
Ал ұн өндірушілер бидай бағасының шарықтап кеткенін айтады. Ұн тек 10-15 пайызға қымбаттаса, астық құны екі есеге артқан. Тоннасы 80 мыңнан 120 мың теңгеге жеткен. Қымбат, әрі қат.
Талап Сапин,    нан өнімдері комбинатының бөлім басшысы:
Бидай қымбаттап тұр. 40-45-50 пайызға өсіп тұр. Ал біз ұнды тек қана 8 пайызға, 6 теңгеге қымбаттатып тұрмыз. Ол 3 процент. Және жоқ ол бидай. 8-10 тонна істеп тастауға болады, бірақ 2 айдан кейін тоқтап қаламыз.
Ал бидай өндірушілердің де өз уәжі бар. Биыл құрғақшылық болды, егіннің тең жартысы күйіп кеткен, сондықтан бидайдың бағасы қымбат.
Бейбіт Асанов, шаруашылық басшысы:
Бидай бағасын біз емес, мына өндірушілер қалыптастырады. Биыл өнім болмады. 3 мың гектар күздік бидайдың тек 1000 гектарынан өнім алдым. 3-4 центнерден.
Денис Омашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Облысты бидаймен толық қамтамасыз ету бағытында облыс әкімдігі продкорпорацияның алдына қосымша бидай беру жөнінде ұсыныс бердік. Азық-түлік бидай әр тоннасы 95 теңгеден шаруалардан сатып алынып, одан шығатын ұн 135 теңгеден жіберіледі.
Соңғы бірнеше күнде елімізде макарон өнімдері де қымбаттап шыға келді. Әсіресе Атырау, Қызылорда және Қарағанды облыстарында 17 пайыздан 22 пайызға дейін қымбаттаған. 

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу