Жаңаарқа ауданында тоғансыз қалған ауыл төрт түлікке су таппай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаарқа ауданында тоғансыз қалған ауыл төрт түлікке су таппай отыр

06.10.2021

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин ауылындағы жалғыз тоған бірнеше жылдан бері жөнделмей тұр. Осыдан 6 жыл бұрын оны қызыл су бұзып кеткен. Тіршілігі малға қараған ауыл тұрғындары үшін қазір төрт түлікті сауаратын жер жоқ. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы сол өңірден.

Сәкен Сейфуллин ауылы тұрғындарының негізгі тіршілігі –мал өсіру. Алайда судың жоқтығы атакәсіптің өрісін кеңейтуге мұрша бермей отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын қызыл су жүріп, тасқын мына бөгеттің 100 метрдей аумағын бұзып кетті. Сөйтіп тоғандағы судың бәрі балығымен қоса далаға ағып кеткен.

Алданыш Әменов, ауыл тұрғыны: 
Сол 2015 жылы бұзып кетті осы тоғанды. Содан бері мал суғару қиын болып отыр. Құдықтан суғарамыз енді, бірақ оның суы көп малға жете қоймайды. Бұл және шөпке де кедергі болып тұр. Тоғанда су болған уақытта маңайға жаңбыр жиі жауатын. Қазір жаңбыр да жаумайды. Шөп шықпайды, құрғақшылық.

Су шайып кеткен соң тоғанды коммуналдық меншікке алу, содан кейін қалыпқа келтіру мәселесі көтеріліпті. Алайда, жергілікті биліктің бұл уәдесі орындалмай келеді,-деп қынжылады тұрғындар.

Балтабай Тұрғынбеков, ауыл тұрғыны: 
«Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды»,-демекші, осыны айтып жүргенімізге 5-6 жыл болды. Сол уақытта күрекпен болсын осы жамап, көміп алатын уақыт болды өзі. Енді сол аудан басшылары болсын, жоғары жақтағы адамдарға болсын құлақтарына енді алтын сырға.

Тоғанды қайта қалыпқа келтіру, күтіп ұстауға қаржы бөлу үшін оны облыстық коммуналдық меншікке өткізу керек. Алайда оған қажетті құжаттар арада 6 жыл өтсе де рәсімделіп бітпеген.

Елдос Әбдірәшитов, Жаңаарқа ауданы мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі басшысының міндетін ақарушы: 
ҚР бюджеттік кодексінің 54-ші бабына сәйкес су шаруашылықтарына күтіп ұстау, жөндеу жұмыстары облыстық деңгейде жүргізіледі. Ал біздің жергілікті бюджеттен ондай бағдарлама қарастырылмаған. «Қарағанды су қоймалары» мемлекеттік мекемесімен бірлесіп жаңағы бекім тоғанды облыстық мүліктік меншікке алу жұмыстары жүргізілуде.

Сондықтан бөгетті қалпына келтіру жұмыстары жақын арада басталмайды. Жалпы Жаңаарқа ауданындағы үш бірдей ауыл осылай тоған суына жарымай тіршілік кешуде.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу