Алматы облысында 15 шаруашылық субсидияны қайтаруы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 15 шаруашылық субсидияны қайтаруы тиіс

06.10.2021

Алматы облысының 15 шаруашылық құрылымы осыдан 2018-2019 жылдары алған инвестициялық субсидияларын кері қайтаруы тиіс. 2,8 млрд теңге кәсіпкерлерге жаңа кәсіпорын ашуға немесе шаруашылығын кеңейтуге кеткен шығындарының бір бөлігін өтеуге мемлекеттік қолдау ретінде берілген. Алайда Бас прокуратура кешенді тексеру барысында шаруашылықтардың өткізген құжаттарынан кемшілік тауып отыр. Қуаныш Қанатұлы мән-жайды анықтады.

Кәсіпкер Александр Баллах осыдан 4 жыл бұрын майлы дақылдар өңдейтін зауыт салды. 1,5 млрд теңге инвестиция құйып, заманауи қондырғылар орнатты. Мемлекет ірі жобалар шығынының бір бөлігін өтейді деген соң құжат жинап, 85 млн теңге субсидия алған. Қажетті құжаттарды ауыл шаруашылығы басқармасы қойған талаптар бойынша рәсімдеген.

Александр Баллах, Талдықорған майэкстракциялық зауытының директоры:
Арада екі жыл өткен соң бізге ауылшаруашылығы басқармасы қаржыны қайтарыңдар деп хат жолдады. Біз бұл қаражатты қайтармақ түгіл өзіміздің де шығындарымызды әлі толық өтеген жоқпыз. Түк түсінбей абдырап қалдық. Не істерімізді де білмейміз.

15 шаруашылықтың ішінде ірі құс фабрикалары, ет комбинаттары, құрама жем өндіретін кәсіпорындар мен алма бақтары бар. Бәрінің жағдайы шамалас, мәселесі ортақ. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы біз бұл қадамға прокуратура нұсқауымен бардық дегенді айтып отыр.

 Бақтияр Шампиков, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Негізгі заңбұзушылығы қолда бар сараптамалар бірыңғай жүйеде тіркелмегені айтылды. Субсидия қайтару бойынша қазір ондай сұрақ қоймаймыз.

Қазір арнайы жұмыс тобы құрылды. Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасында үш тарап кездесіп, өз дәйектерін алға тартты. Мемлекеттік субсидия рәсімдеуде бірыңғай ереже енгізілмек, мұндай олқылықтар бола бермек. Сондықтан жұмыс тобы ауыл шаруашылығы министрлігі мен құзырлы органдарға ережелерді қайта қарап, заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасамақ.

Ләззат Шыңғыспаева, Алматы облыстық ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрайымы:
Президентіміз де айтып жатыр: Қасым-Жомарт Кемелұлы осы инвестсубсидияның ережелерін реттеңіздер. Жыл сайын ауыстырмай, оның бәрін қиын қалпына келтірмей жеңілдету керек. Түсінікті болу керек. Ашық түрде болу керек.

Бұған қатысты прокуратура қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал мәселе оң шешімін таппаса, шаруалар шаш етектен шығынға батпақ. Тіпті кәсіпорындардың жабылып қалуы да ғажап емес.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу