БҚО-дағы әлеуметтік салада оң өзгеріс бар - Ералы Тоғжанов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-дағы әлеуметтік салада оң өзгеріс бар - Ералы Тоғжанов

08.10.2021

Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік салада оң өзгеріс бар. Өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов осындай баға берді. Бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрген вице-премьер өңірдегі вакциналау науқанын да пысықтады. Сондай-ақ бүгін Оралда батыс аймақта теңдесі жоқ Атамекен өнер ордасы ашылды. Ералы Тоғжанов салтанатты рәсімге қатысып, ақжайықтық ағайынның қуанышымен бөлісті.

Бұл - қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған диагностика аппараты. Өзге өңірлерде жоқ. Медициналық орталықтың өзі екі жыл бұрын ашылған. 11 мың адам ем алады.

Үкімет басшысының орынбасары арнайы барып көрген әлеуметтік нысанның бірі - Подстепное ауылында ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешені.Ол- 160 орындық. Аймақта осындай 8 нысан бар, тағы бесеуі салынады. Әр жерде жаттығатын бозбала енді күрес, гимнастика, баскетбол, футбол залы бар арнайы орында шынығады.
Аманжол Нұрмұхамбетов,  спортшы:
Бұл жерде стадион болды үлкен. Жабық нысан болған жоқ. Жақында бастап салынды ғой. Оған дейін далада доп ойнадық, шынымен. Қазір жақсы бәрі.
Өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін қажет тағы бір мекеме- баланың шығармашылық қабілетін шыңдайтын ошақ. Бұрынғы тойхана, қазіргі «Шабыт» орталығындағы 28 үйірмеге қазір 2 мыңға жуық ұл-қыз кеп жүр.
Ералы Тоғайбай,  оқушы:
Біз мұнда ат әбзелдері, сүйектерден бұйымдар жасаймыз. Қамшы жасаудың сегіз, төрт, алты өрімдерін үйреніп жатырмыз.
Облыстағы осындай орталықтарда оқушылардың 99%-ы қосымша тәлім алады. Бұл еліміз бойынша ең үздік көрсеткіш. Вице-премьер мұны өзге өңірлерге үлгі етуді тапсырды.
Бизнестің әлеуметке бет бұрғанының тағы бір дәлелі – «Тең қоғам» орталығы. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға 50-ге жуық қызмет түрі тегін көрсетіледі.
Жарқын Тәжғалиев,  кәсіпкер:
Ашылғанына 4-5 ай болды. Мұнда бұрын мейрамхана болды. Бірталай бизнесте істедік, енді халыққа қызмет етейік, көмектесейік деп. Игіліктеріне болсын.
Бұған қоса Оралда протездеу және ортопедия орталығы ашылды. Енді кембағал жандар алысқа сабылмай, протезді осында жасатады. Облыста үш ауысымда білім беретін 4 мектеп бар. Солардың бірі - қаладағы №18 білім ордасы. Тапшылықты жою үшін 600 орындық жаңа ғимарат салынып жатыр.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Облыс орталықтарында, аз дегенде, 2 мың оқушының орнына есептелген мектептер салынуы керек. Ол мемлекетке де, кәсіпкерге де тиімді. Батыс Қазақстан облысында 2022 жылдың соңына қарай үш ауысымды мектеп мәселесін шешу жолдары бар.
Өңірде эпидахуал тұрақты. Тек екпе науқанын екпіндете түсу керек. Облыс тұрғындарының 54%-ы вакцина алған. Вице-премьер бұл істі ширатуды тапсырды. Тап осы күні аймақта теңдесі жоқ «Атамекен» өнер ордасы ашылды. 900 орындық концерт залы бар зәулім сарай 9,5 млрд теңгеге салынған. Ғимаратта барлық жағдай жасалған. Өнер ордасының атауы күні кеше өмірден өткен әнші-композитер, Халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне қойылды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу