Қарағанды облысының ІТ-саласындағы мүмкіндіктері зор. ІТ-форумнан кейін сала мамандары осындай баға берді. Шара аясында ІТ кеңістігін игеру, қоғам мен мемлекет мүддесіне сандық технологияларды қолдану, IT-мамандарды даярлау, «ақылды қала» сынды бірнеше тақырыптар қамтылды. Бұған қоса, арнайы көрме өтіп, оған өңірдегі компаниялар мен мекемелер ең озық жобаларын қойды. Айталық, «Қазпошта» мекемесі «робот кеңесші» және селфидрон сияқты жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Ақылды робот пошта қызметіне қатысты көптеген операцияларды орындап, онлайн қызмет көрсете алады. Қазір қаладағы мекемелердің бірінде осындай робот жұмыс істейді. Форум барысында ІТ саласындағы жас өнертапқыштар арасында өткен «Хакатон» байқауының үздіктері де анықталды. Оларға өз жобаларын ары қарай жетілдіру мақсатында 500 мың теңгеге дейінгі қаржылай сыйлық берілді. Бас жүлдені Қарағанды медициналық университетінің студенттері жеңіп алды.
Тимур Коробейников, форумға қатысушы:
- Осы «Хакатонға» қатысқаныма қуаныштымын. Біз медбикелерге арналған жобаны ұсындық. Бұл қажетті және тексерілген медбикелерді табу үшін ұсынған сервис. Енді ары қарай соны дамытуға тырысамыз. Ақшаны осы саланы көтеруге жұмсаймыз.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.