Елімізде коронавирусты жұқтыру саны 20 пайызға азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде коронавирусты жұқтыру саны 20 пайызға азайған

11.10.2021

Қазақстанда эпиджағдай тұрақталып келеді. Еліміз коронавирустың таралуы бойынша «сары» аймақта тұр. Тамыз айымен салыстырғанда қазір ковидті жұқтыру саны 20 пайызға азайған. Еліміз осы күнге дейін коронавирустың 4 бірдей толқынын еңсерді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Мәжілістегі үкімет сағатында айтты. Толығырақ тілші материалында.

Ковидтің бірнеше мәрте өршуіне жаңа штамдар әсер еткен. Осы уақытқа дейін ел аумағында британдық, оңтүстік африкалық, үндістандық және нигериялық штамдар ресми түрде тіркелді. Дегенмен қазір эпид жағдай тұрақталды. Ауруханаларда науқастар саны азайған. Енді кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету көзделіп отыр.

Алексей Цой, Денсаулық сақтау министрі: 
Бизнеске кедергілерді азайту үшін бақылау-тексеру жұмыстарын азайтып, кәсіпкерлерге ескерту мен түсіндіруді қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ бизнеске қолайлы болуы үшін рұқсат жүйесін мен қағаздарын біріздендіріп, азайту қажет. Тексеру шараларын да қысқарту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Алексей Цой екпеден бас тарту мәселесі де өзекті болып тұрғанын айтты. Кейбір қазақстандықтар тек коронавирус екпесінен ғана емес, бұрыннан бар өзге де қауіпті аурулардың вакцинасына қарсы көрінеді. 2013 жылдан бері 25 мың адам екпеден бас тартқан. Ал депутаттар эпидемиологиялық қадағалаудың бірыңғай электрондық жүйесі жедел әзірленуі керек деген пікірде. Биологиялық қауіпсіздікке жауапты бұл салада мамандар тапшылығы да өзекті болып тұр.

Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Соңғы 5-7 жылда қызметтен жоғары білікті мамандардың кетуіне жол беру де өткір проблема болып отыр, бұл тұтастай алғанда, қызметтің кадр құрамының біліктілігіне әсерін тигізді.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
5 жыл бұрын медициналық университтеттерде санитарлық-гигиеналық факультеттерді жапты. Сол кадр тапшылығына әсер етіп жатыр.

Бұл проблеманы шешу үшін санитарлық-эпидемиологиялық мамандыққа гранттар санын көбейтілмек. Оқу жүйесі де өзгереді. Сонымен қатар министр Файзер екпесімен егілетін адамдардың қатары көбеюі мүмкін екенін айтты. Бұл екпе елімізге жыл соңына дейін келеді деп жоспарланған. Алғашқы кезеңде жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге салынады. Кейін бұл тізім қайта қаралады.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу