Қызылордалық оқушы жерден энергия алуға болатын жоба дайындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық оқушы жерден энергия алуға болатын жоба дайындады

12.02.2019

Жерден энергия алуға болады. Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы дайындаған жобада оған нақты дәлел бар. Топырақтан өндірілген жылу жеке тұрғын үйді, үлкен ғимараттарды жылытуға жарайды. Оқушылардың бұдан өзге де қызықты жобалары жетерлік.

Жердің жылуы 400-600 метр тереңдіктен алынады. Геотермальдық энергия - жылу көзі және электр энергиясы.  Арнайы  құбырлар арқылы жоғарыға көтеріледі, бірақ температура өзгермейді. Алынған энергияны тек үй мен ғимараттарды жылытуға  емес, өндіріске де пайдалануға болады. 

Айжан  Қуанышева, жоба авторы:

- Тәуекелге барарлық жоба. Ол өзін-өзі ақтап шығады. Бірақ бастапқы шығын өте көп болады. Құбырлар, олардың генераторы қымбат бағада сатылады. Бірақ жұмыс кезінде өте көп энергия өндіре аламыз. Алынған жылу көмірдің, газдың жылуымен бірдей болады.

Жоба авторлары - Айжан мен Самал болашақта бұл ең тиімді баламалы энергия көзі боларына сенімді. Себебі, жылдан жылға мұнай мен газдың қоры азайып келеді. Ал, кенішті игеру арнайы ұңғымалар арқылы жүзеге асады. Бұл тұрғыда мектептің тағы бір оқушысы Жаңагүл өте тереңдегі   қара алтын мен көгілдір отынды жер бетіне шығару үшін ұңғымаларды тиімді орналастырудың математикалық моделін жасады.

Жаңагүл Тынысбек, жоба авторы:

- Нәтиже бойынша біз бағалау коэффициентін 0-1 аралығында алуымыз керек еді. Сол кезде газ өндіру коэффициенті жоғары шығады. Біз тәжірибе жасаған кезде газ өндіру коэффициенті 0-2-ге тең болды, жоғары шықты. 

Ал, бұл - 9-сынып оқушысы Дидар Ережептің жобасы. Сал ауруына шалдыққан жасөспірім  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт алаңдарының жаңа 3D моделін әзірледі. Тағы бір жоба - Мәдина Сәлімованікі. Арпаның екі түрін будандастырып, жаңа сорт шығаруда. Пайда болған жаңа сортты тағам өнеркәсібінде қолдануға болады

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу