Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің қатысушыларына үндеу жолдады. Оны Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин оқып берді. Елбасы негізін қалаған ұйым Азияның 90 пайыз аумағын алып жатыр және жер бетінде өмір сүретін халықтың жартысына тең. Кеңесте Қытай, Ресей және басқа да бірқатар мемлекеттің сыртқы істер министрлері сөз алып, ұйымның халықаралық аренадағы беделінің өсіп келе жатқанына тоқталды. Әрі Азиядағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру, оның ішінде эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу жайын талқылады. Ауғанстандағы жағдайға да ерекше назар аударылды. Ұйымның ғұламалар кеңесі туралы ережесі бекіді. Ғұламалар кеңесі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сенім шараларын іске асыру мәселелерін, ұйымның ағымдағы қызметі мен дамуының кең ауқымы бойынша консультативтік-кеңесші орган болмақ.
Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Сыртқы істер министрлерінің 6-кездесуі қазір ғана аяқталды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АӨІСШК-нің негізін қалаушы екені өздеріңізге де белгілі. Елбасы бұл бастаманы 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 47-сессиясында жасады. Өткен жылы қыркүйекте Қазақстан АӨІСШК төрағалығын қабылдады. АӨІСШК Азияның көптеген елінің жоғары бағасы мен қолдауына ие болған Қазақстанның алғашқы халықаралық бастамаларының бірі саналады. Қазақстан төрағалығы кезінде АӨІСШК қызметін дамыту және оның халықаралық аренадағы рөлін нығайту үшін барлық күш-жігерін салады.
Түс ауа шетелдік меймандардың қатысуымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары ұйымының Елордадағы кеңсесінің ресми ашылуы өтті. Алдағы 4 жылда ұйымға қатысты маңызды шешімдер бүгін тұсауы кесілген кеңсе қабырғасында қабылданады.