Маңғыстау облысында жер астымен жүргізілген газ құбыры тұрғындарға қауіп төндіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында жер астымен жүргізілген газ құбыры тұрғындарға қауіп төндіруде

13.10.2021

Маңғыстау облысының Қызылтөбе ауылында жер астымен жүргізілген газ желісі тұрғындар үшін қатер төндіріп тұр. Себебі, жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен ескі құбырлар әр-жерден тесіліп, жиі ақау шығады. Апаттың алдын алу үшін тұрғындар газ құбырын жер үстімен жүргізуді сұрайды. Мәселенің мән-жайын Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қызыл төбе ауылы Ақтау қаласынан 18 шақырымда орналасқан. Елді-мекеннің құрылғанына жарты ғасыр болды. Қазір мұнда 31 мыңнан астам халық тұрады. Ауылда көгілдір отын мәселесі өзекті. Өйткені, осыдан 30 жыл бұрын жер астымен жүргізілген газ құбырлары әбден ескіріп, апатты жағдайлар жиілеген. 
 Ауылда газ құбыры жердің астымен әрі, тұрғын үйлерге тым жақын жүргізілген. Сондықтан абайсызда құбырды зақымдап алатын жәйттер жиі болады. Ауыл тұрғыны Қуаныш Сәрсенбаев сондай апатты жағдайға тап болған. Абырой болғанда, ақау дер кезінде жөнделіп, ешкім зардап шекпепті.
Қуаныш Сәрсенбаев,  Қызылтөбе ауылының тұрғыны:
Әр үйдің тұсында жылда шіриді.Менің үйімнің тұсынан да жарылды әне ақшаға тұрба сатып алып, жаматып, жалғаттым. Шіріп жатыр асты деген күл болып кеткен жер тұрба. 
Ауылдағы көшелердің біріне жер үстімен газ құбыры тартылған. Бірақ 10 шақты жыл бұрын басталған құрылыс ақыры аяқсыз қалған. Мұны Мұнайлы ауданының басшылығы да растады. Айтуларынша мердігер жобаны өз қаржысына бастап, аяқтамай кеткен. Ал, газ құбырларын жердің үстіне шығару қомақты қаржыны талап етеді.
Нұрбек Қарасаев,  Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:
Тұрғындар көтеріп отырған мәселе өте орынды. Жер астында болғасын судың әсері бар, жалпы корозиялық мәселелер бар ол жерде газ құбыры ескіріп, шіру мәселесі орын алу қаупі бар. әр түрлі жағдайларға алып келуі мүмкін.—барлық 9 жаңағы көшедегі орын алып отырған жер асты құбырлары бойынша псд жасақталды. 
Жоба құны -700 млн теңге. Аудан әкімдігі оны облыстық бюджетке ұсынған. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу