Елімізде екпені қайталап салу қарашаның жиырмасынан кейін басталады. «Спутник» салдыртқандарға 9 айдан соң «Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе Pfizer-мен ревакцинация жасауға кеңес берілді. Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in екпесін алғандарға 6 айдан соң Спутник немесе Pfizer салдырту ұсынылады.
Ал Pfizer екпесінің екі компонентін алған адамдарға қайта егілу үшін жарты жылдан соң Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе Спутник вакцинсын қолдану ұсынылады. Екпенің екі компонентін де алып, коронавирустық инфекциямен ауырып шыққан адамдарға сауыққаннан кейін 3 айдан соң қайта вакцина салдыруға болады. Қайта вакциналаудан бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік және жабық мекемелердегі адамдар өтеді. Бұл тізімде күштік құрылым қызметкерлері және жасы 60-тан асқан адамдар да бар. Ревакцинация үшін екпенің бір ғана дозасы салынады.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:Екпені қайталап салуды бүкіл әлем қолға алып жатыр. Бірінші кезекте, жасы 60-тан асқан адамдарға вакцинаның қосымша дозасы салынуда, себебі олардың көбінде созылмалы аурулар бар. Ал коронавирустық инфекция жұқтырса, қатты ауырып, қайтыс болуы да мүмкін. Сондықтан, ревакцинация туралы ұсынысқа дұрыс қараған жөн.
Берік Көшербай