Шымкент қаласында 20-ға жуық пәтерге ұрланып кіріп, ішіндегі бағалы заттарды үптеп кеткен ұрылар қолға түсті. Екі адамнан жасақталған топ барлық оқиғада бірдей әрекет еткен. Олар негізінен кіреберіс есіктегі домофондары дұрыс жұмыс істемейтін көпқабатты тұрғын үйлерге кірген. Пәтер есігін қағып, үй иелерінің бар-жоғын тексерген. Ешкім жауап бермеген жағдайда, есіктегі құлыпқа сәйкес келетін өздеріндегі кілт арқылы ашқан. Полицейлер әзірге күдіктілердің 17 пәтер ұрлығына қатысы бар екенін анықтады. Екі күдікті де бұған дейін ұрлық үшін сотталған. Түрмеде танысып, бостандыққа шыққан соң үйреншікті істерін жалғастырған. Олар полицейлерге өздері тонаған пәтерлердің мекен жайын көрсетіп, қылмыстарын мойындады. Күдіктілердің іс-әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, прокуратураның қарауына жолданды.