ТМД елдері вакцина паспорттарын өзара тануды жеделдетуі тиіс. Бұл азаматтардың емін-еркін жүріп тұруына әрі іскерлік байланысты жандандыру үшін қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше мемлекет басшыларына осындай ұсыныс білдірді. Сондай-ақ президент күрделі жағдайда тұрған Ауғанстанға көмек қолын созу үшін логистикалық хаб құруды ұсынды.Толығырақ тілші материалында.
Бұл жиынның жөні бөлек. Себебі мемлекет басшылары мерейлі дата қарсаңында бас қосып отыр. Осыдан 30 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында ұйымды құру туралы декларация қабылданды. Бұл елдер үшін жаңа тарихтың бастауы еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Осы аса маңызды құжат жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығының берік негізін қалады. Бүгінде Достастықты кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ірі апаттардың алдын алуда, халықтар арасындағы ықпалдастықты сақтауда маңызды рөл атқарды деп зор сеніммен айтуға болады. ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды. Бұл – аса маңызды.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандырып, нығайтудың маңыздылығын басты міндет ретінде атады. Соның ішінде ТМД елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге баса мән беруге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның салдарын еңсерудің маңыздылығына тоқталды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:ТМД елдері күрделі кезеңде бір-біріне қолдау көрсетіп, қажетті көмек беру арқылы бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісін танытты. Елдеріміз СOVID-19 індетімен күресте, оның ішінде вакцина әзірлеу саласында жақсы тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда халыққа жаппай екпе салу ғана жағдайды түзетуге, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы терроризмнің, діни эксремизм мен есірткі саудасының күшейе бастаған сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп күресуге үндеді. Қауіпсіздік саласындағы серіктестіктің тетіктерін жетілдіру маңызды міндеттің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Қазақстан БҰҰ-ның ұстанымын құптайды. Осы елдегі ауыр гуманитарлық жағдай халықаралық қауымдастықтың назарында болуға тиіс. Саяси ұстанымдарымызға немесе жеке мүддемізге қарамастан, Ауғанстан халқын бұл қиындықтармен бетпе-бет қалдырмауымыз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың іс-қимылдарын жүйелеу мақсатында Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Дағдарыстың ауыр кезеңін еңсергеннен кейін Ауғанстанға БҰҰ институттары тарапынан жүйелі түрде көмек қажет болады. Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық орталығын құру туралы біздің бастамамыз осы маңызды міндетті жүзеге асыруға септігін тигізеді. Аталған жоспарлардың іске асуына Достастық елдері көмектеседі деген үміттеміз.
Сонымен қатар Президент экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін ілгерілету мен шешу үшін ынтымақтастыққа шақырды. Ал келер жылы еліміз ТМД-ға төрағалық етеді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесе әрі белсенді жұмыс істеуге бейілді екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Менің ұсыныстарым мен басқа да басым міндеттер алдағы кезеңде Қазақстанның ТМД-ға төрағалық ету Тұжырымдамасына енгізілетінін атап өткім келеді.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 30 жылдығына байланысты Мәлімдемеге және Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.
Шерхан Жамбылұлы