Түрік лирасы құлдырап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түрік лирасы құлдырап кетті

15.10.2021

Түрік лирасының құны күрт төмендеді. Бүгін валюта айырбастау бөлімшелерінде 1 доллар 9 лира 20 құрыштан сатылып жатыр. Яғни теңгеге шаққанда 1 лира - 46 теңге 38 тиын. Бұл бұған дейін болмаған көрсеткіш. Мамандар ұлттық валютаның бұлай құлдырауына Президент Режеп Тайып Ердоғанның Ұлттық банктің үш жоғары лауазымды қызметкерін орнынан алып тастауы себеп деп отыр.

Кеше ел Президенті Түркия ұлттық банкі төрағасының екі орынбасары мен қаржы-несие комитетінің мүшесін қызметтерін дұрыс атқармады деген себеппен жұмыстан кетірді. Ал Түркия Орталық банкі төрағасының айтуынша, лираның құлдырауына негізгі себеп- пандемия тұсындағы экономикалық қиындықтар. Кейінгі айда Түркияда барлық тұтыну заттарының құны, шамамен, 20 пайызға қымбаттады.

Шахап Кавжыоғлы, Түркия орталық банкінің төрағасы: 
Біздің пайымдауымызша лира құнының құбылуы уақытша және кездейсоқ факторлардың себебінен болды. Қазір біз қаржы-несие саясатын қатаңдата түстік. Бұл өз кезегінде елде коммерциялық несиеге сұранысты азайтты. Ұлттық банк несие сұранысына әсер ететін факторларды бағамдай отырып, қаржылық саясат пен ифляцияның динамикасын бақылауда ұстап отыр. Біз қаржылық-несиелік саясатты өзгерту керектігін дер кезінде анықтап, қыркүйек айында проценттік мөлшерлемені төмендеттік.


Хабарламаларға жазылу