Шебер сіріңке шиінен «Тәж Махалдың» макетін жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шебер сіріңке шиінен «Тәж Махалдың» макетін жасады

13.01.2014
Шебер сіріңке шиінен «Тәж Махалдың» макетін жасады

Әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын «Тәж Махал» кесенесі енді Талдықорғанда да бар.  21 жастағы Айбек Бауыржанұлы мазар нобайын кәдімгі сіріңке шиінен құрастырып шыққан.  2010 жылдың қаңтар айында бастаған жұмысын аяқтағанына санаулы күн болды.

 
Сәулетші болуды арман еткен Айбек оқуға түсерде кесене құрастыруды шығармашылық жұмысы ретінде бастайды. Бірақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәулет-құрылыс факультетіне қажет ұпайды жинай алмай, басқа оқуға түседі. Десе де, жас шебер бастаған жұмысын аяқсыз қалдырмауға бел буады.
 
 Ғаламның жеті кереметінің бірін жасау үшін 4 жыл уақыт, 77 700 сіріңке шиі және үлкен төзімділік қажет болған.
 
Айбек Бауыржанұлы, Талдықорған қаласының тұрғыны:
Күмбездің өзіне 1 жылдай уақыт кетті. Шар үрлеп, оның сыртына жапсырдым. Бір жол ши жапсырғаннан кейін кепкенін күту керек. 2-ші шиді үстінен тағы жапсырдым. Сондықтан, ұзақ уақыт алды.
 
Ғимарат нобайын шебер ғаламтордағы мәліметтер мен фотосуреттерді пайдаланып келтірді. Жалпы, Айбектің ұсталыққа ынтасы бар екенін ата-анасы мектеп қабырғасынан-ақ байқаған. Ең алғашқы жұмыстарын ол бастауыш сыныптарда мерекелік сыйлық ретінде ағаштан ойып жасап, қуантыпты.
 
Бауыржан Нұрбатыров, Айбектіңәкесі:
1-сыныптан  3-сыныпқа дейін сурет салды. 3-сыныптан кейін ағашты күйдіріп салатын болды. Жасаған жұмысы тиянақты. Баламыздан үміт күтеміз.
 
Биіктігі - 85 сантиметр, ауданы - 1,2  шаршы метр болған бұл жұмысын Айбек саудаға шығарды. Суреттерін ғаламторға да салып қойды. Түскен қаражатты балалық арманын орындап, сәулетші мамандығын меңгеруге жаратпақ ойы бар.
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу