Үндістанда су тасқыны құрбандарының саны 35-ке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістанда су тасқыны құрбандарының саны 35-ке жетті

18.10.2021
Үндістанда су тасқыны құрбандарының саны 35-ке жетті

Үндістанда бірнеше күн бойы толастамай жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласты. Соңғы мәліметтерге сай, табиғи апаттан 35 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жоғалып кеткен. Марқұмдардың саны әлі де өсуі мүмкін. Ауа-райын мамандарының алдағы күндерге арналған болжамы да көңіл көншітерлік емес. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Соңғы мәліметтерге сай, Үндістанның Керала штатын жайлаған алапат тасқын құрбандарының саны 35-ке жетті. Мұны Рейтер агенттігі Times of India басылымына сілтеме жасап мәлімдеп отыр. Табиғи апат кезінде ондаған тұрғын жоғалып кеткен. Жергілікті биліктің сөзінше, марқұмдардың саны әлі де өсуі мүмкін.

Жергілікті тұрғын:
Бір күнде төрт мәрте сел жүріп, жолында кездескеннің бәрін шайып әкетті. Кеше ғана мына жерде бес дүкен тұрған еді.

Ал, штаттың Тамил Наду деп аталатын ауылы аралға айналған. Мұнда тұрғындар қайықтармен қауіпсіз жерге көшірілді. Үйсіз қалған жандарға арнап жақын маңнан уақытша лагерь тұрғызылған.

Шахуль Хамид, жергілікті тұрғын
Тасқын күшейіп, үйімді су басты. Бар мүлкімнен айырылдым. Былтыр жауын осыншама көп жаумаған еді. Үкіметтен өтемақы сұраудан басқа амал жоқ.

Апатты аймақ халқына көмекке әскерилер тартылды. Қазір жоғалғандарды іздестіру операциясы жалғасып жатыр. Ауа райын бақылаушылардың мәліметінше, жауын-шашын бірнеше күнге созылуы мүмкін. Айта кетері - Керала штатында жүз жылдағы алапат тасқын 2018 жылы болды. Сол апаттан 400 адам қаза тауып, 200 мыңдайы үйсіз қалған еді.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу