Ертеңнен бастап карантиндік шектеулер жеңілдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертеңнен бастап карантиндік шектеулер жеңілдейді

19.10.2021

Ертеңнен бастап карантиндік шектеулер жеңілдейді. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деді.

Елде эпид жағдай тұрақталып келеді, вакциналауға жататын контингенттің 70%-дан астамы екпемен қамтылған. Осыларды ескере отырып, ведомствоаралық комиссия осындай шешім қабылдады.

Вакцина паспорты бар азаматтар қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік нысандарға кіре алады. Сондай-ақ, түнгі клубтарға тек «жасыл» мәртебесі бар адамдардың баруына рұқсат. Ойын-сауық орталықтарында адам саны 50%-дан аспауы шарт. «Жасыл аймақта» 100 адам, «сары аймақта» 70 адам жиналуына рұқсат.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Ауыр науқастар саны азайды. Дегенмен 6 өңір әлі де «қызыл аймақта». Бұл – Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қазір біздің алдымыздағы міндет – 60% ұжымдық иммунитетке қол жеткізу. 

Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» холдингі және әкімдіктермен бірге агроөнеркәсіп кешенін тұрақты қаржыландыруды, жоспарланған барлық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Үкімет басшысы «Ауыл - ел бесігі» жобасын жүзеге асыру ұдайы назарда екенін ескертті.


карантиндік шектеу Үкімет

Хабарламаларға жазылу