Ақтөбеде тұтас бір ауданның халқы жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде тұтас бір ауданның халқы жылусыз отыр

19.10.2021


Ақтөбеде тұтас бір ауданның халқы әлі күнге дейін жылусыз отыр. Себебі жылу магистралінде құрылыс жұмыстары әлі бітпеген. Салдарынан мыңдаған тұрғын тоңып отыр. Тіпті осы аумақта орналасқан мектепте де жылу жоқ.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Келісім бойынша жылу 15 қазанда берілуі тиіс еді. Алайда уәде орындалмады. Міне, құбырлар жалғанып бітпеген.

Қарғалы елдімекенің халқы құбырлардың өте кеш ауыстырылғанын айтады. Оның үстіне компания қызметкерлерінің жұмыс істегеннен демалған уақыттары көп деп ашынады. Салдарынан күздің қара суығында тұрғындар бүрсеңдеп отыр.

Қали Шотаев, қала тұрғыны:

Қыркүйектің аяғында беретін еді, биыл мынау масқара! Кішкентай шөберелеріміз бар, тоңып жүр. Газ қосып қоямыз.

Осы ауданда орналасқан орта мектеп те жылусыз қалды. Басшылық қыруар қаржыға амалсыз электр пештерін сатып алған. Соның өзінде кейбір сабақтар қысқартылған. Бүгін тіпті жарық болмай, оқушылар үйлеріне жіберілген.

 Жасұлан Жанайдаров, М.Арын атындағы орта мектеп директоры:

Баға шықпайтын сабақтардың бір-екеуін қысқартуға мәжбүр болып отырмыз. Оларды онлайнға жіберіп, солай амалдап отырмыз.

Жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылу себебін мердігер мекеме өкілі металлқұбырлардың қымбаттап кеткенімен түсіндіреді. Яғни шикізат Ресейден әкелінетін болғандықтан, келіссөзге көп уақыт кеткен.

Махамбет Әжібаев, мердігер мекеме өкілі:

Тендер шілде-тамыз айларында жарияланды. Тамызда «АқтөбеСуЕнерджиГруппен» келісімшартқа отырдық. Біз тендерге қатысқан кезде металл бағасы 300 000 еді. Қазір 600 мың теңге тоннасына.

Жауапты мамандар дизель бағасының өсуі де жығылғанға жұдырық болды дейді. Ал жылу таратушы мекеменің басшылығы амалсыз тұрғындардан кешірім сұрауға мәжбүр. Айтуларынша, тендер жариялайтын уақытта конкурс ұзаққа созылып кеткен.

 Айтбай Дауылбаев, жылу таратушы мекеме директорының орынбасары:

Халықтан кешірім сұраймыз, әрине. Біздің мекеменің де аздаған кінәміз бар ғой. Жылу уақытында берілуі керек еді, мердігер мекеме тездетіп жұмыс істеу керек еді.

Дегенмен мердігер мекеме өкілдері жаңа құбыр келгенін күтпей, осы аптаның соңына дейін тұрғындарға жылу береміз деп сендірді. Яғни осыған дейін алынып тасталған ескі құбырлар қайта жалғанбақ.

Жақсыбек КЕМАЛ


ақтөбе жылу жылыту маусымы

Хабарламаларға жазылу