Алматы облысында күріш алқабы қысқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында күріш алқабы қысқарды

19.10.2021

Алматы облысында биыл су тапшы болып, күріш алқабы қысқарды. Мәселен, Балқаш ауданында былтыр 8800 гектардан астам алқапқа күріш егілсе, биыл ақмаржан 7400 гектар жерге ғана себілді.

Десе де диқандар әр гектардан 44 центнерден өнім алуда. Ал жыл басында экология министрлігі аудан шаруаларына басқа дақылға ауысу туралы ұсыныс жасаған болатын. Алайда бұл мәселе бұл өңір үшін мүлдем тиімсіз болып тұр.

Ақдала алабында күріш өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі «Тамшы-Бұлақ» серіктестігі биыл небәрі 1350 гектарға ақмаржан септі. Ал су мол жылдары күріш алқаптары 2200 гектарға дейін жеткен. Жылдан жылға су тапшылығы сезіліп, егістік көлемін азайтуға мәжбүр. Ал күрішпен айналыспаса жер тұзданып кетеді, дейді шаруашылық басшысы.

Мұстафа Қалиев, серіктестік басшысы:

Жылда суарып, тұзын шайып тұрмаса, Аралдағыдай тұздың көтеріліп кету қаупі бар деп ойлаймыз. Өйткені бірнеше жыл қаралмай қалған жерге тұз жиналып, тұзданып қалады. Сол үшін біз егістіктің бәрін сумен шайып, басқа дақылдар егіп отырамыз.

Науқан кезінде шаруашылықта жұмысшы саны 100-ден асады. Маңайдағы тұрғындардың көбі күріш егіп жан бағып отыр. Әке жолын қуған Абзал Асхат 19 жасынан бері комбайн тізгіндеп келеді. Айына 400-500 мың теңге жалақы алады.

Абзал Асхат, комбайншы:

Шаруашылықта істеген жақсы ғой. Білсе, үйренсе, осының оқуын оқып келсе, табысы жақсы ғой. Техниканы білсе. Осы жерде жүргенімізге жеті жыл болды.

Ауданда 40 шаруашылық күріш егумен айналысады. Өнімді тазартып, ақтайтын бірнеше зауыт та бар. Жылына 30 мың тонна «Ақмаржан» өндіреді. Сол себепті басқа дақылға ауысудан гөрі жаңа технология енгізу тиімдірек болар еді, дейді сала мамандары.

Бүркіт Мұқанов, Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Каналдарды бері қарай бетондап алып келу керек, суды үнемдеу үшін. Басқа да суды үнемдеп, тамшылатып суаруды пайдалану керек. Сол бағытқа қарай бәрібір жүруіміз керек.

Бұл өңірде күріш өсірілмесе, алдағы 7-10 жылда егістік алқаптары жарамсыз болып қалары даусыз.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


күріш Алматы су

Хабарламаларға жазылу