«Кальмар ойыны» сериалын кәмелетке толмағандар көрмеуі керек. Білім және ғылым министрлігі атышулы сериал оқушыларға кері әсер етуі мүмкін деп алаңдап отыр. Сол үшін ұл-қыздарға дер кезінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек дейді.
Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі:
Ата-аналар да, мектепте де тәрбиелік шаралар аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйретуі керек. Мектептерде осы мәселеге назар аударған жөн. Әрине балалар психикасы енді-енді қалыптасу кезеңінде. Сондықтан кез келген ақпараттың ақ-қарасын ажыра алуы тиіс. Сол үшін үйде ата-аналар, мектепте – педагогтар бақылауы керек.
Биылдан бастап білім беру мекемелерінде жаһандық құзыреттілік курсы енгізіліп жатыр. Бұл балалардың ойлау қабілеті мен эмоционалды интеллектісін дамытуға және ақпаратты ажыра білуге үйретеді дейді министрлік өкілдері.
Оқу процесі бойынша өткен брифингте мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында сабақтар қалыпты режимде өтіп жатқаны айтылды. Санитарлық талаптар сақталған.
Оқушылар мен студенттер арасында жаппай ковид жұқтыру деректері жоқ. Ұл-қыздардың 86 пайызы мектептерде білім алып жүр. Ал 11 пайызы аралас форматта, қалғаны ата-аналарының өтініші бойынша онлайн оқып жатыр.
Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі:
Оқушылардың көптен күтетін күзгі демалысы жақындап келеді. Осы аптада мектептерде бөлім үшін жиынтық бағалау жалғасуда. Келесі аптада барлық негізгі пәндер бойынша ТЖБ өткізіледі. Бірінші тоқсан үшін қорытынды бағалар келесі аптада қойылады. Күзгі демалыс 1 қарашада басталып, 7 қарашаға дейін жалғасады.