«Қазақстан дауысы» жобасы аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан дауысы» жобасы аяқталады

18.01.2014
«Қазақстан дауысы» жобасы аяқталады

Ұлттық арнада өткен жылдың маусым айында басталған «Қазақстан дауысы» жобасының ертең ақтық сайысы өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 9000-нан астам үміткерден финалға тек төртеуі ғана жетті.

 
Жарты жыл бойы көрерменнің көзайымына айналған жобаның жүйрігі ертең анықталады.
 
Осы сайыста жеңімпаздар танымал әншілермен және өз тәлімгерлерімен қосылып ән шырқайды.
 
Бұл жобаға өнерге таласы бар түрлі мамандық иелері қатысты. Экономист те, педагог пен психолог та, тіпті көлік жүргізушілері де бағын сынады. Ең мықтылары сындардан сүрінбей өтіп, ақтық мәреге дейін жетті. Қазір шешуші кезең алдында қызу дайындық жүруде.
 
Тимур Омаров, «Қазақстан дауысы» жобасының финалисі:
Бұл «Қазақстан дауысы» жобасының маған көп пайдасы тиді. Осы жоба арқылы мен өстім. Енді, не дегенмен қобалжу болады. Ол қобалжуды да жеңеміз. Жеңуді де осында үйрендік.
 
Медеу Арынбаев, әнші, «Қазақстан дауысы» жобасында тәлімгер:
Расын айтқанда, қазақ эстрадасында 5 жылдың көлемінде жүріп, үлкен сахнада жанды оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән айтпаған әншілер де бар. Ал, бұл әншілер апта сайын, әр жексенбі сайын елдің көзайымына айналып отырды. Қысқа мерзім ішінде өз көрермендерін, жанкүйерлерін таба алды.
 
Иә, бұл жобаның қатысушылары тек оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқайды. Үлкен сыннан өткен жоба қатысушыларынан үлкен үміт күтуге болады,-дейді ұйымдастырушылар.
 
Ертеңгі сайыста жеңімпаздар танымал әншілермен және өз тәлімгерлерімен қосылып ән шырқайды. Үздікті тек дауыс беру арқылы көрермендер таңдайды. Ұлттық арна топ жарған талантқа 5 миллион теңге қаржылай сыйақы бермек. Сондай-ақ, жеңімпаз әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясымен 1 жылға келісімшартқа отырады.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ
 

Хабарламаларға жазылу