COVID-19 туралы фейк таратушыларға қарсы күрес күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

COVID-19 туралы фейк таратушыларға қарсы күрес күшейеді

22.10.2021

Еуропалық Одаққа мүше елдердің басшылары COVID-19 туралы жалған ақпарат таратушылармен күресті күшейтпек. Брюссельде өтіп жатқан саммиттің алғашқы күні Одаққа мүше мемлекет көшбасшылары осындай қаулы қабылдады.

Себебі әлеуметтік желідегі індет пен екпеге қатысты алып-қашпа сөздер, жалған ақпараттар Одақ елдеріндегі вакциналау науқанының қарқынына кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ көшбасшылар Еуропалық комиссиядан Одаққа мүше емес мемлекеттердің екпе сертификатын өзара мойындау бойынша жұмысты ілгерілетуді талап етті.

Жалпы, Еуросаммиттің алғашқы күні Одаққа мүше елдердің басшылары Польшадағы заңның үстемдік етуі мен қарт құрлықтағы энергетикалық дағдарысқа қатысты ортақ мәмілеге келе алмады.

Естеріңізге салсақ, Испания, Франция, Грекия, Италия, Румыния Еуроодақтан газды бірлесіп сатып алу бағдарламасын қабылдауды ұсынған еді. Өзге мемлекеттер ештеңені өзгертудің қажеті жоқ, нарық бағаны өзі реттейді деген пікірде.

Александр де Кроо, Бельгияның премьер-министрі:

Біз бағаның ауытқуын бақылауға қауқарлы механизмді қарастырып жатырмыз. Оның ішінде газды алып қоймаларда сақтау мәселесі де бар. Энергия тасымалдаушыларға бағаның өсуі Еуропаның климат саясатына кедергі келтірмеуі керек. Сондықтан бұл мәселе Еуропалық Одақтың энергетика министрлерінің желтоқсандағы отырысында жіті талқыланады.


COVID-19 фейк

Хабарламаларға жазылу