Шараға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан сияқты едерден 500-ге жуық делегат қатысып жатыр. Алғашқы сессияда сериалдар өндірісін жолға қою және тәжірибе алмасу мәселесі сөз болды. Бұл ретте «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай бірлескен өнім өндіру арқылы ортақ тарихи тұлғаларды түркітілдес елдерге кеңінен танытуды ұсынды.
«Біз сериал сапасын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Осы орайда мойындалған, әлемде сериал индустриясы кең дамыған Түрік елінен үйренеріміз көп», - деді Л.Танысбай.
Қазіргі уақытта «Қазақстан» телерадиокорпорациясының отандық сериалдарды өз елімізде ғана емес, шетелге, оның ішінде интернет платформаларға шығару, анимациялық жобаларды өндіру бағытында сәтті жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді.
«Өткен жылы Amazon.com, ivi.ru, «Ocean New Media», «ОККО» сияқты әлемдік интернет платформалармен келісімшарт жасалып, оларға 41 телехикаямызды саттық. Яғни, біздің өнімдеріміз АҚШ, Канада, Ұлыбритания, ТМД елдерінде өз аудиториясын тауып жатыр. Шетелдік интернет платформаларға бір жыл ішінде 23 мультфильміміз сатылды. Елдегі балаларға арналған жалғыз «Balapan» телеарнасы жылына жалпы бөлім саны 300-400-ге жететін 20-30 анимациялық жоба өндіреді, 1000 серияға жуық анимация дубляждалады. Тек 1 жылда әйгілі «Дисней» компаниясынан 52 толықметражды фильм алып, қазақ тілінде ұсындық», - деді Басқарма төрайымы.
Ләззат Танысбай түркітілдес елдерді Түркия елімен бірлесе түсіріліп жатқан «Қорқыт» сериалына атсалысуға шақырды.