Тарихи жәдігерлерді қорғаудың жаңа тәсілдері талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихи жәдігерлерді қорғаудың жаңа тәсілдері талқыланды

26.10.2021

Елімізде тарихи жәдігерлерді тонау тыйылмай тұр. Осылай жалғасса, ғасырлық мұраларсыз қалуымыз бек мүмкін. Осылай деп алаңдаған отандық археологтар мен ғалымдар заңды қатаңдату қажеттігін айтуда. Ұлттық құндылықтарды қорғауға қажетті өзекті мәселелер Алматы облысындағы «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде өткен халықаралық жиын барысында қозғалды.

«Қазақ жерінде қорғансыз қалған қорымдар ашкөздердің оңай олжаға кенелуді көздейтін басты құралына айналып отыр. Себебі, еліміз бойынша күзетілмей, қараусыз жатқан тарихи жәдігерлер қаншама?!»-дейді халықаралық конференцияға қатысушы археологтар. Айтуларынша, қазір қазынаға құныққандар түрлі айла-тәсілдерді қолдануға көшкен.

Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:
Тонаушылар көбейіп жатыр. Неше түрлі заманауи құрал-жабдықтармен қаруланған, қазақ даласына шығып,ескерткіштерді тауып, әсіресе, көмбелерді тауып, қазып,  етек алып бара жатыр.

Мұндай қылмыстардың көбеюінің тағы бір себебі - ескерткіштерді есепке алып, арнайы мониторинг жасалмауында. Тарихи жәдігерлер туралы ақпараттар ескі. 50 жыл бұрынғы мәліметтерді алға тартуға мәжбүрміз, дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов.

Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Біз Қазақстан көлемінде қанша ескерткіш барын, есепке алынғанын толық білмейміз. Бұл жақсы дүние емес.  Егер біз ескерткіштердің санын білмесек, сапасын білмесек, қалай біз оны қорғаймыз?

Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін әлемнің озық тәжірибелерін игеру қолға алынды. Соның бір мысалы - «Таңбалы» табиғи қорық-мұражайы мен Әзірбайжанның әйгілі «Гобустан» тарихи-көркем қорық мұражайы екі жақты меморандумға қол қойды. Келісімнің басты мақсаты – қос ел арасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу