Қазақстан мен Түрікменстан сауда-саттықты арттырмақ. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елге жасаған мемлекеттік сапарының екінші күні жалғасты. Президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізіп, қазақ-түрікмен қатынастарының ерекше сипатқа ие екенін атап өтті. Тараптар қос ел үшін маңызды бірқатар құжаттарға қол қойды. Ашхабад қаласынан әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.
Қазақ-түрікмен байланысы тарихтан терең тамыр тартады. Көк түріктің ұрпақтары бір-біріне етене жақын бауырлас халықтар. Елдер арасындағы қарым-қатынастың бүгінгі деңгейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабадқа бірден екі күндік сапарымен келуінен-ақ аңғаруға болады. Ағайын елдің басшысын түрікмендер шығыс дәстүріне сай зор ілтипатпен қарсы алды. Шахарда президент көлігімен ақалтеке арғымағын тақымдаған әскерилер еріп жүрді.
Ал елдің басты алаңында құрмет қарауылы саптай түзеп, Әнұран шырқалды.
Салтанатты шарадан кейін мемлекет басшылары бетпе-бет кездесу өткізді. Екеуара әңгімеде қазақ-түрікмен байланысындағы сан түрлі саладағы әріптестік мәселелері мен жаһандық және аймақтық өзекті мәселелер сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Әдемі Ашхабад қаласына тағы да келгеніме қуаныштымын. Қалаларыңыздағы құрылыстың ауқымы мен сапасы бізді таң қалдырды.Түрікмендер – бізге бауырлас халық. Халықтарымыз арасындағы достықтың тамыры тереңде. Көп нәрсе бізге ортақ. Бұл ортақ шекарамызға да қатысты. Бауырлас Түрікменстан халқына деген ниетіміз таза. Стратегиялық серіктестікті дамыту, мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жеке бақылауымда. Бұл – біздің саясатымыздың басым бағыты.
Гурбангулы Бердімұхамедов Түрікменстан Президенті:Біз сіздің мемлекеттік сапарыңызға ерекше мән беріп отырмыз. Түрікмендер мен қазақтардың рухани-тарихи байланыстары тереңде жатыр. Сондықтан біздің қарым-қатынасымыз – әрқашан тұрақты және сенімді. Бұл мемлекеттік сапарыңыз халықтарымыз бен бауырлас елдеріміздің игілігі жолындағы туыстық әрі стратегиялық екіжақты қатынастарымызға тың серпін беріп, оны мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік туғызары сөзсіз.
Қос елдің басшылары соңғы үш айда осымен екінші мәрте бетпе-бет жүздесіп отыр. Тамыздың басында президенттер Орталық Азия басшыларының жиынында бас қосқан еді. Бұл жолы Ашхабадқа қазақ делегациясы кең құрамда келді. Тараптар қарым-қатынасты келесі деңгейге көтеруге мүдделі.
Шерхан Жамбылұлы тілші:Арқада қара күз түсіп үлгергенімен ақ мәрмәрлі Ашхабадта әлі де бұрқақтар су шашып, күн шапағатын төгіп тұр. Қазақ басшының келуіне орай Түрікмен билігі ғана емес күн райының өзі де жылы шырай танытып тұрғандай. Тараптардың келіссөзі де осындай жайма-шуақ райда өтті.
Бұл сапардың жөні бөлек. Президент осы жолғы келіссөздерге ерекше көңіл бөліп отырғанын бірден жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Бұл оқиға – ерекше сипатқа ие, сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік қатынастарды және өзара қолдау шараларын мүлде жаңа деңгейге көтеруге – ортақ мақсатқа қол жеткізуге бағытталған маңызды қадам.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті:Әріптестігіміз аясында осы уақытқа дейін 120 құжатқа қол қойылған. Олар әртүрлі саланы қамтиды. Екі жақты әрі халықаралық ұйымдар аясында белсенді жұмыс істеп келеміз. Өңірлік қауіпсіздікті сақтау бағытында да Қазақстанмен бірлесе жұмыс жатырмыз. Қазақстан біз үшін маңызды серіктес әрі сенімді дос деп сеніммен айта аламыз.
Тәуелсіздік таңы қос елде қатар атты. Биыл 30 жылдық белес. Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен жұртын осынау айтулы мерейтоймен құттықтап, қазақ елінің зор ықыласын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Қазақстан Түрікменстанның бейбітсүйгіш саясатын және Сіздің Орталық Азия аймағында да, еуразиялық кеңістікте де кооперацияны одан әрі нығайтуға бағытталған бастамаларыңызды толық қолдайды. Түрікменстанның сыртқы саясаты тұрақты ынтымақтастыққа негізделген. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мақұлдаған Түрікменстанның бейтарап ел мәртебесін қолдаймыз.
Мәдени қарым-қатынасты күшейтіп, ағайын жұрттың қарым-қатынасын бекіте түсеу елдеріміз үшін әрдайым маңызды мәселе. Осы орайда президент келер жылы Қазақстанда Түрікменстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Сауда-экономикалық жағынан да Түрікменстан Қазақстанның маңызды серіктесі. Иран мен Парсы шығанағына жол ашатын транзит. Былтыр пандемия салдарынан алыс-беріс азайып қалған еді. Биыл қайта қарқын алып, жанданып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Жаһандық пандемияға байланысты екіжақты тауар айналымы біршама төмендегенімен, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттықтың өсімі 30 пайыздан асқаны байқалады.
Дегенмен бұл ең жоғары меже емес. Әлі де сауда-саттықты көбейтуге әлеует баршылық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша өте мол резервіміз бар. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе ұн мен бидайды нарықтық баға бойынша өзара тиімді тасымалдау ісін арттырудың перспективасы бар екенін көріп отырмыз. Бұған дейін Қазақстан түрікмен тарапымен арадағы уағдаластық бойынша қол жетімді бағада бидай экспортын бастаған.
Қазақстан көршімізге тағы да 60 түрлі тауар ұсына алады. Түрікмен нарығында оған сұраныс жоғары. Тараптар келісімге келсе біздің ел экспорт көлемін қосымша 130 млн АҚШ долларына көбейтуге мүмкіндік бар.
Екі ел де байланысты бекемдеуге бейілді. Келіссөздер жүргізіп, ортақ мәмілеге келді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:Сән-салтанаты жарасқан Оғыз хан сарайының Селджук хан залында ең мәртебелі деген меймандармен құжаттарға қол қойылады. Бірер мезеттен соң президенттер келіп, екі мемлекет құжаттарға қол қоймақ. Дәл қазір министрлер әзірленіп отыр.
Теміржол, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық, білім мен мәдениет. Қос елдің билігі барлық дерлік бағытта әріптестікті нығайтуды көздеп отыр. Басты құжат Қазақ-түрікмен шекарасындағы делимитацияның құқықтық мәселелері толықтай аяқталды. Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер ортақ мәлімдеме жасады.
Қазақ-түрікмен байланысын нығайтуға орасан үлес қосқаны үшін Түрікменстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Бейтараптылық» орденімен марапаттады.
Иә,Түрікменстан елі әлем сахнасында томаға тұйық саясатты ұстанғанды жөн көреді. Сондықтан да бейтараптық ұстанымы басты орында. Алайда түбі бір қазақ халқымен тығыз байланыс орнатуға әрдайым бейілді екенін білдіріп келеді. Азияның кіндігінде орналасқан елдер әрдайым бір-біріне жәрдемдесіп, жақсылық тілесуге бар.
Шерхан Жамбылұлы