Фариза-жыр халық жүрегінде мәңгі сақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Фариза-жыр халық жүрегінде мәңгі сақталады

24.01.2014
Фариза-жыр халық жүрегінде мәңгі сақталады

Біртуар қаламгердің соңында өлмейтұғын өршіл рух, сезімге толы өлеңдері қалды.

Ақиқаты сол, поэзияның темірқазығы  - Фаризаның жарқын бейнесі мен жауһар жырлары  халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Жасындай жарқыраған жыр-ғұмыр иесінің қазасына  күллі Алаш жұртының қабырғасы қайысып, аза тұтуда.
 
Ол өмірін өрелі өлеңге арнады. Жауһар жырымен жүректерді баурады. Оқырманымен мұңдасты, сағынышын арқалап, сырласты...
 
«Сандуғаш» болып қатталған алғашқы жинағынан бастап, жырсүйер қауымның жүрегіне жол тапты.  «Тыңдаңдар, тірі адамдар», деп өмір философиясын ұқтырып, сананы дүр сілкінтті.
 
«Асау толқыны» асқақ жырымен тербетіп, сезім сырларын ақтарған ақын-жүрек «Мен сенің жүрегіңдемін», деп бұлқынды. Айта берсе, сөз зергері терген жыр маржандары төгіліп тұр. Қасиетті өнердің құдіретін таныған тарландардың ақын қызды поэзияның падишасына балауы да, сондықтан.    
 
Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:
Қазақ өлеңіне қалтқысыз қызмет етті.  Әдебиеттің ары болған ақын қыз мінберге көтерілгенде, өзі де, қазақ өлеңі де биіктеп кететін еді. Біз сол сәттерді сағынатын боламыз.
 
Азаматтық сарын, ар-ождан тазалығы. Фариза поэзиясы шындықты, адалдықты сүйді. Тума талант талмай талпына берді, шарқ ұрып, ұмтыла берді, ілгері. Міне, өзін өрге сүйреген өлеңі өмірлік өнеге берді, бәріне.
 
Ал, Мүсіреповше сөйлесек, «Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы - поэзиясы еді». Ақынның өлеңдері өміршең, бұлақтың суындай таза, мөп-мөлдір.
 
Төлен Әбдік, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Алмас қылыштай өткір, оттай ыстық, батыл, ғажайып поэзиясы қазақ халқының жүрегін жаулап алғалы қашан?! Фариза - қазақтың поэзия әлеміндегі  жарық жұлдызы. Фариза біздің мәңгі жүрегімізде, есімізде.
 
Оразгүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
 «Әр қазақтың тағдыры - өзімнің тағдырым», деп өтті. Ақын ретінде, адам ретінде халқының көңілінде мәңгі қалады.
 
Фариза Оңғарсынова, Қазақстанның Халық жазушысы:
Осылай жүргеніме Аллаға шүкіршілік етемін.  Елімнің қай жеріне барсам да, Фариза апай келіпті, деп жүгіріп жатады. Халықтың сол ықыласы маған аз да болса,  қуат беретін сияқты.
 
Тәңірден даралық пен даналық дарыған, туабітті талант - Фариза. Сондықтан, ғұмыр бойы сырлас, мұңдас болған «Рух жанартауының» жырлары жұрт жадында мәңгіге сақтаулы, қаттаулы.
 
Бибігүл ҒАДІЛБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу