Елімізде вакциналау қарқыны төмендеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде вакциналау қарқыны төмендеген

26.10.2021

Елімізде вакцина егу қарқыны төмендеп кеткен. Әсіресе Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында екпе салу жұмыстарын жандандыру қажет. Десе де, індет жұқтыру дерегі айтарлықтай азайып отыр. Бул туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Алексей Цой эпидахуал жақсарып келеді дейді. Айтуынша, екі айда індет жұқтыру дерегі 4,5 есе азайған. Ал COVID-19-ден қайтыс болғандар саны 4,8 процентке төмендеді. Десе де, көрші елдерде ауру өршіп тұр. Сондықтан босаңсуға болмайды дейді министр. Айтуынша, қазір коронавирус жұқтырғандардың дені вакцина алмағандар.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Инфекциялық төсек-орын жүктемесінің 56 пайыздан 37 пайызға, реанимациялық төсек-орын жүктемесі 45-тен 30 пайызға төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар. Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмысы жалғасып жатыр. Осы жылдың 25 тамызы мен 18 қазаны аралығында барлық өңірде 103 нысан жабылды.

Қазір індетке қарсы екпенінің бірінші компонентін 8 миллион 200 мың адам алды. Ал екінші компонент 7 миллион 400 мың адамға егілді. Үкімет басшысының айтуынша, қазір екпе егу қарқыны баяулап кеткен. Әсіресе Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында вакциналау жұмыстарын жандандыру қажет.

Досжан Маратұлы, тілші:

Сондай-ақ премьер мониторингтік топтардың жұмысын және шекарадағы эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді тапсырды. Әрі ҚР Денсаулық сақтау және Ақпарат министрліктері халық арасында вакциналау мен ревакцинациялаудың маңыздылығын түсіндіруі тиіс.


вакцина эпидахуал

Хабарламаларға жазылу