Коронавирусқа қарсы ақылы вакцинаның құны 2-5 мың теңге аралығында болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа қарсы ақылы вакцинаның құны 2-5 мың теңге аралығында болады

26.10.2021

Мемлекеттік шекарадағы эпидемиологиялық бақылауды күшейту керек. Көрші елдерде індет өршіп тұр. Бүгін премьер-министр осындай тапсырма берді. Үкіметте елдегі эпидахуал қаралған еді. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша ковид жұқтыру дерегі де, өлім де азайып келеді. Тек вакцина егу қарқыны баяулаған. Әрі еліміздің бас дәрігері ақылы болады делінген екпенің болжамды бағасын айтты. 

Елде эпиджағдай жақсарып келеді. Екі айда коронавирус жұқтыру дерегі 4,5 есе, өлім 5 пайыздай азайған. Бірақ індет кез-келген сәтте қайта өршуі ықтимал. Өйткені көрші елдерде ковид бой берер емес. Тіпті Ресей ұжымдық иммунитетті күшейту үшін бала емізетін әйелдерге де екпе сала бастады. Бастама бізде де қолға алынуы мүмкін.

 Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 
Қазір ресми мәлімет сұрадық. «Спутник V» вакцинасын өндірушілер бала емізетін әйелдерге ешқандай қарсы көрсетілім жоқ деп отыр. Неге сүйеніп мұндай шешім қабылдағандарын зерделеп көреміз. Кейін арнайы комиссия қорытынды шығарады.

Сондай-ақ еліміздің бас дәрігері келесі жылдан бастап ақылы болады делінген вакцинаның болжамды бағасын айтты. Оның бір дозасы екі мыңнан бес мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Десе де бұл тек шетелде өндірілетін екпелерге қатысты. Ал QazVac  және Спутник тегін болып қала береді. Бұған дейін еліміздің бас дәрігері жеке клиникаларға Pfizer, Moderna секілді вакциналарды сатып алып, оны тұрғындарға ақылы негізде егуге рұқсат берілгенін айтқан еді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
 Мен вакцинаның нақты бағасын айта алмаймын. Өйткені бұл коммерциялық мақсатта болғандықтан екпенің құны әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ қатты қымбат емес. Мәселен қазіргі вакциналардың бағасы 2 мыңнан 5 мың теңгеге дейін. Фармацевтер оны қаншға сатып алады, соған байланысты.

Ал премьер-министр мониторингтік топтардың жұмысы мен шекарадағы эпидемиологиялық бақылауды күшейту керек дейді. Әрі соңғы кездері баяулаған екпе егу жұмыстарын қайта жандандыруды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Қазір барлығы 8,2 млн адам бірінші компонентті, 7,4 млн адам екінші компонентті алды. Егу қарқыны төмендеп отыр. Оны ұлғайту қажет. Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері вакцинация мәселесін жеке бақылауына алып, қажетті деңгейін қамтамасыз етсін.

Қажетті деңгейді қамту үшін өндірісті арттыру керек. Қазір казвак вакцинасына сұраныс артқан. Ауғанстанды күшпен басып алған тәліптер де екпемізді сұрап отыр.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі: 
Әзірге Ауған еліне гуманитарлық көмек ретінде ұн беру туралы ғана шешім бар. Сондықтан 5 мың тонна ұн сонда жеткізілді. Енді тәліптер вакцина сұрап отыр.
 Досжан Маратұлы, тілші:
Десе де Ауғанстанға отандық вакцинаның қанша дозасы, қашан жіберілетіні белгісіз. Өйткені тәліптердің өтініші бойынша әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Ал Денсаулық сақтау министрі тапсырма болса, екпенің қажетті партиясын әзірлеуге дайынбыз дейді. Айтуынша бұл елдегі вакцинациялау жұмыстарына еш әсерін тигізбейді.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу