Германиядан элиталық картоп тұқымын әкелген бірқатар шаруашылықтың шығыны өтелмейтін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германиядан элиталық картоп тұқымын әкелген бірқатар шаруашылықтың шығыны өтелмейтін болды

26.10.2021

Германиядан элиталық картоп тұқымын әкелген еліміздегі бірқатар шаруашылықтың шығыны өтелмейтін болды. Естеріңізге сала кетейік, фитосанитария қызметі өнімде аса қауіпті «зебра чип» бактериясы бар-деп картопты ектірмей қойған. Бірақ Павлодарлық Тимур Қабдоллов тәуелсіз зертханаларда сараптама жасатып, тұқымының таза екендігін сотта дәлелдеді. Алайда арада 1,5 ай өткен соң облыстық прокуратураның шағымы бойынша аппеляциялық сот Ресей және Германия зерханаларының қорытындысын есепке алмай, Алматыда жасалған сынаманы заңға сай деп шешім шығарды. Осыдан соң қоймада тұрып шіріген картоптың тұқымы жойылды.

Тимур Қабдоллов, шаруа қожалығының басшысы:
Өнімді жөнелткен германиялық тарап картоптың таза екендігін дәлелдейтін еуропалық 5 бірдей зертхананың қорытындысын көрсетеді. Біз еліміздегі фитосанитарлық қызметтің «Зебра чип» таптық деген құжатын және сот шешімін ұсындық. Олар шығынды төлемейміз дейді. Мен 25 млн. теңге қаржы жоғалттым. Қазақстан фитокарантиндік өсімдіктер бойынша халықаралық келісімге қол қойған ел. Бірақ біздің мүддемізді қорғауға Ауыл шаруашылығы министрлігі ынталы емес.

Бір қызығы бактерия Германия ғана емес, Франция және Голландиядан әкелінген тұқымнан да табылған. Мұндай қорытындыны еліміздің әр өңіріндегі 6 шаруашылыққа Алматыдағы аймақаралық зертхана бір күнде, яғни, биыл 29-шы сәуірі күні берген. Картоптың тез бұзылатын өнімдер категориясына жатқызылатынына қарамастан іс сотта тамыз айында бірақ қаралған. Шаруалар енді БҰҰ-на жүгінбек. Бұл жайтқа қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынды өтемек түгілі, шаруаларға айыппұл салған.

Алмабек Марс, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешені мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы:
Сот шешімімен жүк жойылды. Айыппұл салынды. Германиямен арнайы келіссөз жүргізіп жатырмыз. 

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу