Қазақстан 2060 жылға дейін көмірден толықтай бас тарту үшін 650 млрд доллар керек. Бұл жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мәлімдеді. Серікқали Брекешев алдағы 40 жылда төмен көміртекті технологияларға инвестиция тарту керек дейді. Атап айтсақ, электр және жылу энергиясын өндіру секторына 305 млрд доллар, көлік саласына 167, тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі саласына 65, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына 49 млрд доллар қажет. Сәйкесінше көмір, мұнай мен газ өндіру секторларына инвестиция қысқармақ. Өйткені, келешекте ұзақмерзімді бұл ресурстарға сұраныс төмендейді.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:Декарбонизация үшін қаражат тартудың барлық тәсілдері қарастырылады. Америкалық банктер ақша беруге дайын. Бұл жөнінде бір ай бұрын ғана АҚШ президентінің климат жөніндегі арнайы өкіл Джона Керр айтқан. Ол 4-5 трлн доллар бөлеміз деген еді.
Баспасөз отырысы барысында Өскемен және Шүлбі гидростанциялары араб инвесторларына сатылатыны да белгілі болды. Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков БАӘ-імен бірқатар жоба бойынша стартегиялық серіктестік декларациясы мақұлданды дейді. Қазір қаржы министрлігі халықаралық қаржы мамандарымен кеңесе отырып обьектілердің нарықтағы нақты бағасын анықтауға кірісті. Артынша Араб тарапымен келіссөздер жүргізіледі деп отыр. Мәжіліс депутаттары Біріккен Араб Әмірліктерімен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту біздің елімізге тиімді дейді.
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Бұл бағыттағы қадамдар жаңа кәсіпорындардың ашылуына, озық технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек. Инвестициялар шикізат салаларына салынбайды. Атап айтқанда, елімізде жаңартылатын энергетиканы дамытумен айналысатын энергетикалық холдинг құру көзделіп отыр.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Қазір еліміз жаңа Экологиялық кодекске сәйкес ең озық қолжетімді технологияларға көшеді. Сондықтан келісім аясында стратегиялық жобаларды іске асыруды қамтитын мүмкіндіктер елімізге «жасыл» экономиканы белсенді дамытуға, қоршаған ортаға теріс әсер етумен күресуге мүмкіндік береді.