Қостанай облысында кәсіпкерлік құрылымдарында жұмыспен қамту 2 пайызға, өнім өндіру 29 пайызға өскен. Қазір шағын және орта бизнесте 150 мыңнан астам адам еңбек етеді, жарты жылда 586 млрд теңгенің өнімін шығарған. Жұрттың жаппай кәсіпке жұмылуын қолдау үшін ұлттық жоспарға сәйкес алдағы бес жылда бұл бағытқа 8,5 триллион теңге бөлінеді.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:Мына менің үстімдегі киім тау-кен өндірісі жұмысшыларына арнайы тігілген киім. Еркін қимылдауға қолайлы, тәуліктің қараңғы уақытында анық көрінуі үшін ашық түсті материалдан тігілген. Мұндай өнімдер осы біз тұрған цехта дайындалады.
Светлана Шипилкина жетекшілік ететін кәсіпорында қазір күніне 200-ге жуық арнайы киім тігіледі. Оқушылар формасы да шығарылады. Соңғы үш жылда тігіншілер саны 12 адамнан 70 адамға дейін көбейген. Ал қазынаға төленетін салық 30 млн теңгеден 100 млн теңгеге жетті. Өндірістің өркендеуіне мемлекет қолдауының ықпалы зор. Былтыр кәсіпкер 18 млн теңгеден астам жеңілдетілген несие алған.
Светлана Шипилкина, өндірістік сауда фирмасының директоры:Несие алғандағы мақсатымыз тігін машиналарын түгел жаңарту болды. Заманауи жапон машиналарын сатып алдық. Соның арқасында өнімнің сапасы да саны да артты.
Біраз жыл ұялы байланыс саласында жұмыс істеген Еркін Исмурзин былтыр жеке кәсібін ашуға бел буыпты. Бизнес жобасы сүзгіден өтіп қабылданған соң 4 миллион теңге несиеге екі мың қаз балапанын сатып алды. Сөйтіп құс шаруашылығын дамытуға ден қойды.
Еркін Есмурзин, кәсіпкер:Несиені алты жарым жылға алдық. Жылдық пайызы алты пайыз мөлшерімен алдық. Және де бұның бір ерекшелігі бір жылдан кейін ғана алғашқы төлемді төлейміз. Бұл өте тиімді.
Облыс бойынша «Бизнестің жол картасы» бағдарламсы бойынша төмен пайызбен мыңнан астам жобаға 57 млдр теңгеге жуық несие беріліпті. Сонымен қатар 14 жобаның иесі 60 млн теңге қайтарымсыз қаржы, яғни гранттар иеленген.
Жасұлан Қаленов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:Еңбек бағдарламасы бойынша қала тұрғындары мен а-шылығына 1,5 теңге бөлінді. 322 микрокредит берілді.
Жуырда қабылданған ұлттық жоба кәсіпкерлікті қолдауды әрі қарай жетілдіруді көздейді. Соның арасында алдағы бес жылда шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 35% дейін ұлғайту межеленген.
Дәуренбек Әбдібек