Қазақстан мен Ресей шекарасындағы көлік кептелісі сегіз шақырымға жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы көлік кептелісі сегіз шақырымға жеткен

31.10.2021

Еліміздің Ресеймен шекарасында тұрған көліктердің кезегі сегіз шақырымға жеткен. «Жүк көліктерінің жүргізушілері «Қайрақ» кеден бекетінде тұрғанына екінші тәулік болды. Кәсіпкерлер тауарын шекарадан өткізе алмай, шығынға батып жатыр» деп хабарлайды Tengrinews.kz. порталы.

«Шекарада тұрғанымызға 22 сағат болды. Кезектің ұзындығы 8 шақырымға жетті. Бұл тек Қазақстан жағында ғана. Мен азық-түлік апара жатырмын, бұлай тұрғанымыз азық-түліктің жарамдылық мерзіміне әсер етеді», - деген Бауыржан Сарқытбаев есімді жүргізуші.

Порталдың жазуына қарағанда, кеден аймағына Қостанай облысы Қарабалық ауданы прокуратурасының қызметкерлері мен кәсіпкерлер палатасының осы аудандағы өкілі бастаған топ барған, содан кейін Қазақстан жағындағы жүк көліктерінің кезегі азайған, алайда Тройцк жағындағы кезек өзгермеген.

«Жүк тасушылардың сөзінше, мұндай жағдай Ресейдің шекара қызметі тарапынан да жиі жасалады», - деген Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Д. Күзенбаев.

Кейінгі уақытта Қазақстанның Қытаймен шекарасында да жүк көліктері жиналып қалған. Кәсіпкерлер Қытай кеденінен тауар өткізе алмай жатқанын айтса, ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өздерінің қолында ешнәрсе жоғын ишаралаған.


Хабарламаларға жазылу