Бельгияда «Пандемия» туралы заң күшіне еніп, елде үш айға төтенше жағдай жарияланды. Биліктің мұндай шешім қабылдауына эпидахуалдың нашарлауы себеп. Соңғы бір аптада корольдікте індет жұқтырып, ауруханаға түскендердің саны 57 пайызға көбейген. Індеттің таралуын тежеу үшін бүгіннен бастап ел бойынша ковид сертификат міндетті. Мейрамхана, кинотеатр, спорт залдарға, ауруханалар мен қарттар үйіне тек екпе салдыртқандар, ковидпен ауырып жазылғанын растайтын 6 айға жарамды құжаты барлар мен ПТР тест тапсырғандар ғана кіреді. «Пандемия»туралы заңға бағынбағандар 500 еуроға дейін айыппұл төлеп, үш айға түрмеге тоғытылуы мүмкін.
Украинада да індет өршіп, Киев қаласы мен өзге 15 облыс қызыл аймаққа енді. Ресми мәлімет бойынша ковид жұқтырғандар саны тәулігіне 26 мыңнан асқан. Бір күнде індеттен 600 адам қайтыс болды. Кісі өлімі бойынша Украина Ресейден кейін тұр. Жағдайдың ушығуына байланысты елде карантин режимі қайта күшейді. Қоғамдық көлік әдеттегідей қатынайды. Бірақ тұрғындар мен көлік жүргізушілері полицияға птр тесті немесе екпе алғаны туралы құжат көрсетуі тиіс. Алдағы дүйсенбіден бастап оқушылар онлайн оқиды.
Нұрсұлу Қасым