Жамбыл облысында жарылыстан зардап шеккен тұрғындар түгел үйлеріне оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жарылыстан зардап шеккен тұрғындар түгел үйлеріне оралды

01.11.2021

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың соңғы легі үйлеріне оралды. Бүлінген баспаналар екі айда қайта қалпына келтірілді. 26 тамызда Байзақтағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, 17 адам қаза тапқан еді. 176 нысан бүлінді. Қазір оның 168-і толығымен жөнделді. Ал, мемлекет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілген Үшбұлақ, Жібек жолы және Қайнар ауылындағы 35 үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, зардап шеккен әр отбасына көмек ретінде 300 мың, кәсіпкерлер тарапынан 200 мың теңгеден қаражат берілді. Қорға түскен ақшаның есебінен тұрғындардың қора-жайлары да жөнделді. Мұнан өзге, Жібек жолы елді мекенінде салынып жатқан мектеп желтоқсан айының соңында тапсырылмақ.

Дәнегүл Сүйіндікова, Қайнар ауылының тұрғыны: 
Үйіміз аман-есен бітті, кірдік. Бұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін, жарылыс болмасын. Дерттен аман өтіп, жақсы өмір сүрейік.
Қайрат Исмайл, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары: 
Күрделі жөндеуден өтетін үйлер республикалық резервтен бөлінген қаржыға жасалды. 249 млн теңгеге толық үйлер қалыпқа келді.


Хабарламаларға жазылу