Тарбағатайда 30 елді мекен судан таршылық көріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарбағатайда 30 елді мекен судан таршылық көріп отыр

01.11.2021

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында 30 ға жуық ауыл ауыз судан таршылық көріп отыр. Кезінде елді-мекендердің көбіне «мәселені шешеміз»-деген жергілікті әкімшілік, бір-бір құдық қазір бере салған. Бірен-сараңы болмаса, олардың дені кәдеге жарамай тұр. Арбалап су тасудан әбден қажыған жұрттың жағдайын тілшіміз Ержан Жақып өз көзімен көріп қайтты.

Жаңатілеу тұрғындарының бар тілеуі - таза су. Екі жыл бұрын «су сұраған» жұрттың мәселесін шешпек болған жергілікті атқамінерлер ауылдың қақ ортасынан құбыр қазып, құдық орнатқан. Сол құдық қолданыссыз құр тұр,-дейді халық. Тасып ішкенге алыс болған соң, әркім өз ауласынан шығарған суды таза болмаса да тұтынып отыр.

Әскербек Құзайдаров, Жаңатілеу ауылының тұрғыны:
Есепсіз дүние. Бұл жаңағы қазылғаннан кейін, орнатылып әрбір үйге тартылып беруі керек еді. Енді содан тасып ішіңдер дейді. Кім тасып ішеді. Үлкен кісілер бар.

300-ге жуық халқы бар Асусай ауылының да проблемасы осы. 2017 жылы салына бастаған станция құрылысы аяқсыз қалған. Белгілі уақытпен ғана ағатын тіршілік нәрін арбалап тасудан ауыл жұрты әбден қажыған.

Жасұлан Кеңесхан, Асусай ауылының тұрғыны: 
Басталды. Басталған бетте қалды. Қоршауымен тұр. Қатырамыз-деген. Әлі қантқан жоқ. Бәрі осы құдықтан тасиды. Мына құдық төрт сағат ашылады. Үлгерсең тасып қалдың. Үлгермесең ертең аласың.

Аудан әкімі мәселені шама-шарқымызға қарай шешеміз-деп отыр. Өйткені, мұндай елді-мекендер аз емес.

Асхат Смаилов, Тарбағатай ауданының әкімі: 
Асусай, Серіктес, Қызыл жұлдыз, Танамырза. Осы тәрізді 30 ға жуық ауыл бар. Аудан бюджеті облыстағы мен айтар ең кедей ауданның бюджетінің біреуі.

Әзірге жоспар жасап, жобалап жатырмыз, дейді жергілікті басшылар.Оның өзінде қаржы табылған күнде ауылға су келуі үшін кемі 4-5 жыл керек.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу