Орман шаруашылығы: Жалақы аз, кадр тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орман шаруашылығы: Жалақы аз, кадр тапшы

01.11.2021

«Орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысы көп, жалақысы аз. Сондықтан да кадр тапшылығы туындап отыр». Қостанайдың орманшылары осылай дейді. Тозығы жеткен техника да уақытында жаңартылмайды. Тақырыпты Дәуренбек Әбдібек тарқатады.

Александр Лютиков Арақарағай орман шаруашылығының аға орманшысы. Күнделікті жұмысы өзіне бекітілген аумақты бақылау. Оқыста от тұтанып, қаскүнемдердің ағашты отамауын қадағалау. Одан қалды орманды шіріген ағаштан тазарту, қарағайдың тұқымдық жаңғағын жинау, көшет отырғызу да орманшының міндетіне кіреді. Қысқасы жыл он екі ай тыным жоқ.

Александр Лютиков, аға орманшы:
Жұмыс көп. Тәулік бойы орман ішіндеміз. Ал жалақы аз. Мен мысалы жоғары білімді маман ретінде 95 мың теңге аламын. Ал жоғары білімі жоқ орманшылардың жалақысы 60 мың теңге көлемінде ғана. Сондықтан мұнда адамдар тұрақтамайды.

Арақарағай орман шаруашылығының аумағы 48 мың гектардан асады. Шіріп, өртеніп, басқа да табиғи себептермен көлемі азаймауы үшін орманды тек күзету жеткіліксіз. Күзде тұқымдық жаңғақтарды жинап, одан өскіндер шығарып, көшет отырғызу жұмысы мұнда тұрақты жүргізіледі.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Арақарағай орман шаруашылығында қарағай өскіндерін дайындайтын екі тәлімбақ бар. Олардың жалпы көлемі 6 гектарға жуық. Оң жақтағы өскіндер биыл көктемде отығызылған. Бұлар әлі бір жыл тұрады. Ал сол жақтағыларға екі жыл болған. Келер көктемде олар қазылып алынып, орман алқаптарына отырғызылады.

Мысалы биыл осы тәлімбақтарда өскен 1 жарым млн көшет орман алқаптарына апарып егілді. 6 гектар аумақтағы өскіндерді ерте көктемтен күз ортасына дейін 8 адам күтіп баптайды.

Иван Комаров, орманды қалпына келтіру жұмысының инженері:
Жұмысшылардың жалақысы 70-80 мың теңге көлемінде. Ал олар осы алқапта күні бойы бел жазбастан еңбек етеді. Барлық жұмыс қолмен істеледі.

Орманшылар мінетін көліктердің де дені ескі. Қыста суық, жазда ыстық. Қара жолмен жүргенде ішіне бұрқырап шаң толады. 2 мыңыншы жылдары берілген өрт сөндіру көліктері де өз мерзімін әлдеқашан өтеген. Еліміздің орман шаруашылығындағы осындай түйткілдерді айтып мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне сауал жолдады.

Елдос Абаканов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Еліміздегі 124 орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесін облыс әкімдіктеріненің қарамағынан алып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қайтаруды сұраймыз. Пайдалы қазбалар өндіру үшін орман алқаптарын беру тоқтатылсын. Сонымен қатар еңбек шартын, әлеуметтік қолдауды жақсартып, жалақыны өсіру арқылы білікті кадрларды қатары толықтырылуы тиіс.

Депуттың бұл сауалына Үкімет тарапынан заңмен белгіленген мерзімде жауап қайтарылуы тиіс.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу