Атырауда 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады

01.11.2021

Атырауда алдағы бес жылда 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Ауыл шаруашылық саласы мен өнеркәсіпке және әлеуметтік бағытқа басымдық берілмек. Бүгінде жылына 250 мың тонна сұйық күкірт өңдеуге қауқарлы зауыт іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы жаңа кешендер жұмысын бастайды.

Атырау – еліміздегі мұнай қорының 55 пайызын игеретін жалғыз өлке. Өңірдегі жиырмаға жуық кәсіпорын жылыны шамамен 50 млн тоннаға жуық қара алтын мен 20 млрд. текше метрей ілеспе газ өндіреді.Шикізаттың қайнар көзі – Теңіз кенішінде. Жыл сайын 27 млн тонна мұнай игеретін кәсіпорын – «Келешек кеңею» жобасы аясында үшінші буын зауытты салып жатыр. Құрылысы 85 пайызға аяқталды. Іске қосылғаннан кейін, 800-дей адам жұмыспен қамтылады. Өндіріс көлемі 39 млн тоннаға артады.

Рзабек Артығалиев, «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері: 
Барлық өндіруші ұңғымалардағы бұрғылау және игеру жұмыстары аяқталды. Материалдар мен жабдықтар құрылыс алаңында. Модульдерді қайта жинау жұмыстары аяқталды. Жұмыс көлемінің қалған бөлігі Теңіз кен орнында шоғырланды.

Жылына 1 млрд текше метр ілеспе газды өңдейтін тағы бір зауыт салынып жатыр. Алпауыт кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 600 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жалпы биыл өңірге тартылған инвестиция көлемі 3 жарым млрд долларды құрайды. Қазір 3 инвест жобаны іске қосу жоспарда бар. Ең ірілерінің бірі полипропилен зауыты.

Қаныш Мәмбетов, Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық – инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 
Орта Азиядағы теңдессіз өнеркәсіп орнының құрылысы биыл аяқталады. Келесі жылдан бастап зауы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді деп жоспарлап отырмыз.

Атыраудың тағы бір бренді -балық. Өткен жылы 14 мың тонна ауланды. Дайын тауардың 80-пайызы әлемнің 10 мемлекетіне экспортталады.

Жандос Темірғали, тілші:  
Қазір өңірде 700-ден астам өнеркәсіптік мекеме бар. Онда 29 мыңға жуық жергілікті тұрғын еңбекке тартылды. Алдағы 5 жылдыққа жоспарланған жобалар сәтті жүзеге асса тағы 2000 мыңдай адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. 

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу